Резидент пе, әлде бейрезидент пе? ШҚО кәсіпкерлеріне салық салудың маңызды тұстары түсіндірілді
Салық заңнамасы тұрғысынан резидент пен бейрезиденттің айырмашылығы неде? Белгілі болғандай, Қазақстанда тұру фактісінің өзі резидент мәртебесін алу үшін әрдайым жеткілікті бола бермейді. Ал шетелге уақытша шығу салық резиденті мәртебесінен міндетті түрде айырылуды білдірмейді. Дәл осы мәселелер «Бизнес және салықтар» жобасы аясындағы кезекті кездесуде талқыланды.
ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова 2026 жылғы салық заңнамасындағы өзгерістер туралы айтып қана қоймай, кәсіпкерлердің күнделікті қызметінде кездесетін нақты жағдайларды да талқылады.
Негізгі мәселелердің бірі резиденттік сертификаты және басқа да растайтын құжаттары болмаған жағдайда жеке тұлғаның өмірлік мүдделер орталығын анықтау болды.
Гүлмира Сабралимованың түсіндіруінше, ол үшін заңнамада белгіленген талаптар бір мезгілде орындалуы тиіс. Атап айтқанда, Қазақстан азаматтығының немесе тұруға ықтиярхаттың болуы, отбасылық немесе жақын туыстық байланыстардың, сондай-ақ ел аумағында жылжымайтын мүліктің болуы ескеріледі. Бұл ретте тұруға ықтиярхат пен уақытша тұруға рұқсат (УТР) бірдей құқықтық мәртебеге ие құжаттар емес.
Тағы бір мәселе Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдер азаматтарының Қазақстанда 180 күн болуы туралы болды. Кәсіпкерлер қызметтік іссапармен шетелге шығу адамның салықтық мәртебесіне әсер ете ме деген сұрақ қойды.
Мемлекеттік кірістер департаменті өкілінің түсіндіруінше, қызметтік іссапарға шығу өздігінен резидент мәртебесінен автоматты түрде айырылуға әкелмейді. Алайда сапардың мақсатын құжат жүзінде растау қажет. Атап айтқанда, көші-қон құжаттарын, мемлекеттік шекарадан өткені туралы мәліметтерді және сапардың қызметтік сипатта болғанын растайтын құжаттарды ұсыну керек.
Сонымен қатар қатысушылар шетел азаматтары мен компанияларының табыстарына салық салу ерекшеліктерін, заңнаманың жаңа талаптарын және бейрезиденттермен жұмыс істеу барысында туындайтын мәселелерді талқылады.
Шетелдік мамандарды жұмысқа тартатын және шетелдік серіктестермен ынтымақтасатын кәсіпорындар үшін салықтық мәртебені дұрыс анықтау аса маңызды. Өйткені бұл мәселедегі қателіктер қосымша салық міндеттемелеріне және мемлекеттік органдармен дауларға әкелуі мүмкін.