Ақтөбеде медициналық ұйымдарды лицензиялау және қауіпсіздік мәселелері талқыланды

20.10.2026
Ақтөбеде медициналық ұйымдарды лицензиялау және қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында Денсаулық сақтау салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында медициналық ұйымдардың қызметіне және заңнама талаптарының сақталуына қатысты өзекті мәселелер қаралды.

Талқылау барысында медициналық қызметті лицензиялау, пациенттерді қолдау қызметінің жұмысы, медицина қызметкерлерін кәсіби сақтандыру және электрондық медициналық кітапшаларды жүргізу мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар денсаулық сақтау нысандарындағы өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері де қозғалды.

Стоматологиялық клиникаларда санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына ерекше көңіл бөлінді.

Денсаулық сақтау салалық кеңесінің мүшесі, Dental Centre стоматологиялық клиникасының директоры Нұргүл Жолдасова стоматологиялық клиникаларға қойылатын санитариялық талаптарды сақтау бойынша көрнекі инфографика немесе қадамдық алгоритм әзірлеуді ұсынды.

Оның пікірінше, мұндай материал қолданыстағы талаптарды жүйелеуге, оларды орындау тәртібін кезең-кезеңімен көрсетуге және кәсіпкерлерге санитариялық заңнама талаптарын дұрыс түсінуге көмектеседі.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар талқыланған мәселелер жөнінде пікір алмасып, бизнес өкілдері мен уәкілетті мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы өзара іс-қимылдың маңызын атап өтті.

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасы бизнестің өзекті мәселелерін анықтау және талқылау бағытындағы жұмысын жалғастырып, кәсіпкерлер қауымы мен мемлекеттік органдар арасында тиімді диалог орнатуға ықпал етуде.

ИзображениеИзображение