Адами фактордың салдарынан ШҚО кәсіпкері екі жылға мемлекеттік тапсырыстардан айырылып қала жаздады

21.10.2026
Адами фактордың салдарынан ШҚО кәсіпкері екі жылға мемлекеттік тапсырыстардан айырылып қала жаздады

Қол қойылмаған бір келісімшарт Шығыс Қазақстандағы кәсіпкердің екі жыл мерзімге мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілуіне себеп болды. Алайда ШҚО Кәсіпкерлер палатасы араласқаннан кейін мәселенің бір ғана жағдаймен шектелмейтіні анықталды: заңнамада көзделген бизнестің құқықтарын қорғау тетігі іс жүзінде жұмыс істемеген.

Жеке кәсіпкер Ілияс Сарқытбеков Алтай ауданы Октябрьский кентінің әкімдігі жариялаған мемлекеттік сатып алуға қатысқан. Сатып алу қоқыс контейнерлеріне арналған алаңды ағымдағы жөндеу жұмыстарына қатысты болды. Лоттың бастапқы құны шамамен 7,9 млн теңгені құраса, кәсіпкердің ұсынған бағасы 710 мың теңге болған.

Алайда жауапты қызметкердің қателігінен келісімшарт белгіленген мерзімде қол қойылмай қалған. Соның салдарынан кәсіпкер 24 айға мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізіліп, мемлекеттік тапсырыстарды алу мүмкіндігінен іс жүзінде айырылған.

2026 жылдың маусым айында кәсіпкер қабылданған шешімді қайта қарау туралы өтінішпен келісу комиссиясына жүгінген. Заңнамаға сәйкес, комиссия отырысы он жұмыс күні ішінде өткізілуі тиіс еді. Алайда мәселе шешімін таппаған.

«Адами қателіктің салдарынан біз екі жылға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілдік. Заңда шешімді қайта қарау мүмкіндігі қарастырылғанымен, өтінішімізді белгіленген мерзімде қарату мүмкін болмады. Күткен әрбір ай — жұмыс істеу және мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігін жоғалту деген сөз», — деді Ілияс Сарқытбеков.

Нәтижеге қол жеткізе алмаған кәсіпкер ШҚО Кәсіпкерлер палатасынан көмек сұраған. Мәселені зерделеу барысында мемлекеттік сатып алуды өткізген мемлекеттік органда келісу комиссиясының мүлде құрылмағаны белгілі болды. Осылайша, кәсіпкердің шешімді қайта қаратуға заңды құқығы болғанымен, іс жүзінде оны пайдалану мүмкіндігі болмаған.

Мұндай жағдай мемлекеттік сатып алудың басқа да қатысушыларының мүдделеріне әсер етуі мүмкін болғандықтан, Палата мәселені Өңірлік кеңестің отырысына шығарды. Талқылау енді жеке бір өтінішке ғана емес, мемлекеттік органдар жанындағы келісу комиссияларының жұмысын қамтамасыз ету қажеттілігіне қатысты өрбіді.

«Заңнамада кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тетігі қарастырылған. Бірақ ол іс жүзінде қолжетімсіз болса, оның қандай пайдасы бар? Бұл жағдайда келісу комиссиясының өзі құрылмаған. Біз үшін нақты бір кәсіпкерге көмектесу ғана емес, осындай тетіктердің мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыратын барлық мемлекеттік органдарда шын мәнінде жұмыс істеуіне қол жеткізу маңызды», — деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Айжан Жангирханова.

Палатаның араласуынан кейін Октябрьский кентінің әкімдігі жанынан келісу комиссиясы құрылды. 4 қыркүйекте ШҚО Кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен комиссия отырысы өтті. Комиссия мүшелерінің басым көпшілігі ЖК Ілияс Сарқытбековті мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен шығару туралы шешімді қолдады.

Осылайша, кәсіпкердің құқықтарын қорғауға қол жеткізілді. Сонымен қатар бұл жағдай әлдеқайда ауқымды мәселені көрсетті: заңнамада көзделген бизнесті қорғау тетіктері қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, іс жүзінде жұмыс істеуі тиіс. Өйткені кәсіпкер үшін тіпті бір ғана қателіктің құны тым жоғары болуы мүмкін.