Қызылорда облыстық соты мен Кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастықты нығайтады
20 қазан күні Қызылорда облыстық сотының төрағасы Әділхади Шығамбаев пен Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ділмұхамед Абизовтың қатысуымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында кәсіпкерлерге құқықтық және консультациялық қолдау көрсету, мемлекеттік органдармен туындайтын дауларды реттеуге жәрдемдесу, кәсіпкерлік субъектілерінің өзекті мәселелерін бірлесіп қарау және тәжірибе алмасу көзделген. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және олардың заңды мүдделерін қорғау тетіктерін жетілдіруге басымдық беріледі.
Сот төрағасы Әділхади Шығамбаев тараптар арасындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып сөз кезегін Палата директорына берді. Ділмұхамед Абизов өз сөзін
«Бүгінде кәсіпкерлердің қордаланған мәселелері аз емес. Осы әріптестік аясында сол мәселелердің заң аясында шешімін тауып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалып жатса, бұл жұмыстың нәтижесі де, пайдасы да мол болмақ. Ең бастысы, екі тараптың бірлескен жұмысы кәсіпкерлерге нақты қолдау көрсетеді деп сенеміз», – деп қорытындылады.Іс-шарада Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрқожаев сөз сөйлеп, сот төрағасына өзінің авторлық кітабын сыйға тартты. Сондай-ақ ол мұндай әріптестік өзекті мәселелерді тиімді шешуге және бизнес өкілдеріне қолдау көрсетуге оң ықпал ететінін атап өтті.
Кәсіпкерлер палатасы мен Қызылорда облыстық соты арасындағы бұл ынтымақтастық кәсіпкерлердің құқықтық мәселелерін шешуге қолдау көрсетіп, өңірдегі іскерлік ортаның тұрақтылығы мен кәсіпкерліктің одан әрі дамуына ықпал ететін маңызды қадам болмақ.