Қазақстан ғылымына 80 жыл: Академия 2027 жылға дейінгі басымдықтарды айқындады
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына орай өткен салтанатты жиынға «Атамекен» ҚР ҰКП атынан Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов қатысты.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, отандық және шетелдік жетекші ғалымдар, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарының басшылары, халықаралық серіктестер және бизнес-қоғамдастық өкілдері жиналды.
1946 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған Ұлттық ғылым академиясы сегіз онжылдық бойы отандық ғылымның дамуына және елдің зияткерлік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.

Өз баяндамасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев қолданбалы зерттеулерді дамыту, жасанды интеллектіні ғылым саласына енгізу және ғылыми ұйымдардың нақты экономиканың қажеттіліктерімен байланысын нығайту сияқты негізгі басымдықтарды атап өтті.
Академияның бастамасымен өткізілген 75-тен астам өңірлік және салалық форсайт-сессияның нәтижесінде 220-ға жуық перспективалы ғылыми міндет айқындалды. Осы негізде елдің технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға бағытталған ғылыми басымдықтардың төрт деңгейлі моделі әзірленіп, Үкіметтің қолдауына ие болды. Оны 2027 жылдан бастап енгізу көзделген.
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы үшін ғылымды дамыту ғылыми ұйымдар мен нақты экономиканың өзара байланысын нығайту тұрғысынан ерекше маңызға ие. Отандық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу және инновацияларды дамыту қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.

«Ғылыми әзірлемелер зерттеу нәтижесі күйінде қалып қоймай, кәсіпорындарда іс жүзінде қолданылуы маңызды. Ғалымдар, кәсіпкерлер және мемлекет арасындағы тиімді өзара іс-қимыл отандық технологияларды енгізуге, еңбек өнімділігін арттыруға және қазақстандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға жол ашады», – деп атап өтті Тимур Жаркенов.
Мерейтойлық жиын Қазақстанның ғылыми-технологиялық әлеуетін одан әрі дамыту және ғылыми қоғамдастық пен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.