«Атамекен» ҰКП-да мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру жолдары талқыланды

21.10.2026
«Атамекен» ҰКП-да мұнай-газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру жолдары талқыланды

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Қазақстан инвесторлары қауымдастығымен бірлесіп, ҰКП Төралқасы жанындағы Мұнай-газ өнеркәсібі комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Комитет мүшелері, мұнай-газ компанияларының, бизнес-қоғамдастықтың және салалық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Жиынды «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев аша отырып, басты мақсат ретінде мемлекет, инвесторлар мен бизнес арасындағы ашық әрі нәтижелі диалог орнату екенін атап өтті.

«Мұнай-газ саласы – ел экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, оның инвестициялық тартымдылығын арттыру және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін нығайту – баршамызға ортақ маңызды міндет», - деді Қанат Шарлапаев.

Сондай-ақ, Палата басшысы талқылау барысында Комитет мүшелерінің тәжірибесі мен ұсыныстары ескеріліп, соның негізінде саланы дамытуға бағытталған нақты әрі іске асырылатын ұсынымдар әзірленетініне сенім білдірді.

Изображение

Өз кезегінде Комитет Төрағасы Жұмабай Қарағаев Қазақстан инвесторлары қауымдастығының бастамасымен әзірленген мұнай-газ саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі ұсыныстар жиынтығын талқылаудың маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар «Қазақстан инвесторлары қауымдастығы» ЗТБ Басқарма Төрағасы Рустам Жүрсінов «Сын-тегеуріндер мен шешімдер» тақырыбында баяндама жасады.

Изображение

Ұсынылған талдауға сәйкес, сарапшылар көмірсутек шикізаты секторын қоса алғанда, нақты мақсаттары, іске асыру тетіктері, жауапты мемлекеттік органдары және бизнеспен кері байланыс орнату механизмдері айқындалған салалық басымдықтарға негізделген модельге көшуді ұсынады. Бұл тәсіл инвестицияларды салаға тартумен қатар, олардың тұрақты түрде сақталуына және көлемінің ұлғаюына жағдай жасауға бағытталған.

Баяндамада көмірсутек шикізатын өндіру, мұнай экспорты мен өңдеу көрсеткіштері туралы жалпы мәліметтер ұсынылды. Сондай-ақ мұнай-газ саласындағы өзекті мәселелер мен негізгі тәуекел факторларына назар аударылды.

Саладағы ахуалды талдау барысында одан әрі пысықтауды қажет ететін бірқатар жүйелі мәселе анықталды. Атап айтқанда, инвестиция тартуға кедергі келтіретін факторлар ретінде ресурстық базаның сарқылуы, геологиялық барлауға инвестициялардың жеткіліксіздігі, игеріліп жатқан кен орындары мен тәуелсіз операторларды ынталандыру тетіктерінің әлсіздігі, ішкі нарықтағы баға мен экспорттық нетбэк арасындағы алшақтық, сондай-ақ салық заңнамасы мен реттеу талаптарының жиі өзгеруі аталды.

Изображение

Осыған байланысты Комитет мүшелері үш негізгі бағыт бойынша кешенді шаралар ұсынды. Олар – қорларды толықтыру және ұзақ уақыттан бері игеріліп жатқан кен орындарында өндіріс көлемін ұлғайту, геологиялық барлау жұмыстарына инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ халыққа атаулы әлеуметтік қолдау көрсету тетіктерін қолдана отырып, мұнай өнімдерінің бағасын қалыптастыру жүйесін ырықтандыру.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған талдауды Комитет мүшелерінің ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, одан әрі пысықтауға келісті.

Ортақ ұстанымға негізделген ұсынымдарды әзірлеу «Атамекен» ҰКП-ға басым бағыттарды айқындауға және қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.