Жүйеде қателіктерінің зардабын бизнес тартпауы керек: «Атамекен» кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесі Жетісу облысындағы негізгі кедергілерді атады
2026 жылғы 21 қазанда Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен өткен «Атамекен» ҚР ҰКП Кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында Жетісу облысында кәсіпкерлікті дамыту және қолдау мәселелері қаралды.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және бизнес жүргізу үшін болжамды жағдайларды қамтамасыз ету Кеңестің Жетісу облысындағы сарапшылар тобы жүргізген талдаудың негізгі мәселелеріне айналды.
Кеңес отырысында өңірдің кәсіпкерлікті дамыту әлеуеті зор екені атап өтілді. Облыста шағын және орта бизнестің 62 мыңнан астам субъектісі жұмыс істейді, оларда шамамен 110 мың адам еңбек етеді. ШОБ-тың экономикадағы үлесі 33,2%-ды құрайды, ал соңғы үш жылда шамамен 1,5 трлн теңге инвестиция тартылған. 2025 жылы бизнесті қолдауға 5,6 млрд теңге бағытталып, жалпы сомасы 9,5 млрд теңгені құрайтын 135 жоба қаржыландырылған.
«Жетісу облысында кәсіпкерлік бастамалардың толыққанды дамуына кедергі келтіретін жүйелі мәселелер сақталып отыр. Олардың ішіндегі ең өзектілері – мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтар, субсидия төлемдерінің кешігуі, МӘМС жүйесіндегі шарттық қатынастардың кемшіліктері, жер қатынастарын әкімшілендіру мәселелері және бизнеске негізсіз әкімшілік қысым көрсету», – деп атап өтті Кеңес хатшысы Батыржан Ашитов.

Мемлекеттік сатып алу саласында прокурорлық шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын сатып алулардың күші жойылып, бір көзден алу тәсілімен 85 млн теңгеге шарттар жасасуға жол берілмеді. Біліктілік талаптарын негізсіз жоғарылатуға және қажетті мемлекеттік сараптамасыз сатып алу өткізуге байланысты заңбұзушылықтар анықталды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер орындалған міндеттемелер үшін төлемнің уақытылы жүргізілмеуіне тап болады. Мәселен, «Текелийский энергокомплекс» ЖШС жеткізілген электр энергиясы үшін 2,5 млн теңге төлемді 40 күннен астам уақыт өткен соң алған. Нәтижесінде адал жеткізушілер мемлекеттік және коммуналдық ұйымдарды өздерінің айналым қаражаты есебінен іс жүзінде қаржыландыруға мәжбүр.

Ауыл шаруашылығын субсидиялау саласында да күрделі жағдай қалыптасқан. 2023 жылдан бері 2 718 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 19,3 млрд теңгені құрайтын 5 мыңнан астам өтінім бойынша субсидия төленбеген. Прокуратураның араласуынан кейін 1 030 кәсіпкерге төлемдер жүргізілді. Сонымен қатар 1 147 шаруа қожалығына субсидиялардың уақытылы төленбеуіне байланысты заңсыз өндіріп алынған 68 млн теңге қайтарылды.

2016 жылдан бері кезекте тұрған 837 фермерлік шаруашылық алдындағы пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бойынша міндеттемелерді орындау үшін қосымша 5,649 млрд теңге қаржы қажет. Мемлекеттік қолдау тетіктерінің бірізді болмауы аграрийлердің қаржылық жүктемесін арттырып, кредиттеу шарттарының болжамдылығын төмендетеді және ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуына қауіп төндіреді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жұмыс істейтін медициналық ұйымдардың қызмет көрсету шарттары да ерекше назар аударуды талап етеді. Талдау қорытындысы бойынша қосылу шарттарының талаптарына құқықтық баға беру қажеттігі атап өтілді. Атап айтқанда, бұл шарттар талаптарды біржақты өзгертуге, қызмет көлемін қысқартуға және шарттарды бұзуға мүмкіндік береді. Мұндай шешімдердің салдары кәсіпкерлерге ғана емес, халыққа да әсер етеді. Мәселен, Талдықорғандағы «Мед Клиник» ЖШС МӘМС жеткізушілерінің тізілімінен шығарылғаннан кейін оған тіркелген шамамен 1 700 пациент басқа медициналық ұйымдарға ауысуға мәжбүр болған.

Кеңес бизнесті дамытудың перспективалы бағыттарының қатарына бизнес-инкубаторлар мен технопарктер құруды, сондай-ақ Балқаш пен Алакөл жағалауларындағы туристік инфрақұрылымды дамытуды да қосты. Бұл бастамаларды іске асыру кәсіпкерлердің қажетті қызметтерге, инженерлік инфрақұрылымға және инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Жер қатынастары саласында да бірқатар мәселелер сақталып отыр. 2025 жылы соттар әкімшілік органдардың осы саладағы шешімдеріне дау айту жөніндегі 178 арызды қарады, оның 157-сі қанағаттандырылды. Мұндай тәжірибе қабылданатын шешімдердің сапасы мен заңдылығын арттыру қажеттігін көрсетеді, өйткені жер мәселелері инвестициялық жобаларды іске асыруға және кәсіпкерлік қызметті дамытуға тікелей әсер етеді.
«Кәсіпкер атқарған жұмысы үшін төлемді уақытылы алатынына, уәде етілген қолдаудың көрсетілетініне және жерге қатысты құқықтарының қорғалатынына сенімді болуы керек. Оның қаржы салуға және бизнесті дамытуға дайындығы осыған байланысты. Сондықтан жекелеген өтініштерді қараумен ғана шектелмей, заңбұзушылықтардың себептерін жою маңызды», – деп атап өтті «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижа́нова.

Кеңес отырысында кәсіпкерлікті дамыту тек қаржылық қолдаумен шектелмейтіні атап өтілді. Ол үшін мемлекет қабылдаған міндеттемелерін жүйелі түрде орындауы, адал бәсекелестікті қамтамасыз етуі және негізсіз әкімшілік кедергілерді жоюы қажет. Субсидияларды уақытылы төлеу, мемлекеттік сатып алу бойынша есеп айырысулардың мерзімдерін сақтау, МӘМС жүйесіндегі шарттық тетіктерді жетілдіру және жер қатынастарын әкімшілендіру сапасын арттыру ерекше маңызға ие.
«Кәсіпкерлікті қорғау – бұзылған құқықтарды қалпына келтіру ғана емес, заңбұзушылықтардың алдын алу. Бизнес жүргізу үшін ашық әрі болжамды жағдайлар жасау – инвестиция тартудың, жұмыс орындарын құрудың және Жетісу облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі», – деп қорытындылады Қайырбек Сүлейменов.

Анықталған мәселелерді шешу мақсатында Кеңес мынадай ұсынымдар берді:
Жетісу облысының әкімдігіне кәсіпкерлікті қолдау шараларын қайта қарап, мемлекеттік қызметтердің толық әрі сапалы көрсетілуіне ерекше назар аудару;
Қаржы министрлігіне Жетісу облысындағы мемлекеттік сатып алуларға мониторинг жүргізу;
Ауыл шаруашылығы министрлігіне 837 фермерге шығындарын субсидиялау бойынша берешекті өтеу мүмкіндігін қарастыру;
Жетісу облысының прокурорына кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуының алдын алу және оларды сотқа дейін қалпына келтіру үшін заңда көзделген шараларды кеңінен қолдану.