«Атамекен» мен Қазақстан инвесторлары қауымдастығы көлік-логистика саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында ынтымақтастықты күшейтеді

22.10.2026
«Атамекен» мен Қазақстан инвесторлары қауымдастығы көлік-логистика саласындағы инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында ынтымақтастықты күшейтеді

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында Қазақстанның көлік-логистика саласын дамытуға бағытталған инвестициялық кедергілерді анықтау және практикалық ұсыныстар әзірлеу жөніндегі талдамалық құжатты одан әрі пысықтау мәселелері талқыланды.

Жиын «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма мүшесі – Басқарма төрағасының орынбасары Мұратбек Махановтың төрағалығымен өтті. Оған Қазақстан инвесторлары қауымдастығының өкілдері, Палата Президиумы жанындағы Логистика және тасымалдау комитетінің мүшелері және ҰКП-ның бейінді департаментінің өкілдері қатысты.

Кездесу барысында Қазақстан инвесторлары қауымдастығы Комитет мүшелерінен бұрын келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, құжаттың жаңартылған нұсқасын таныстырды. Қатысушылар оның мазмұнын, практикалық қолданысын және әзірлеудің келесі кезеңдерін талқылады.

Изображение

Құжат көлік-логистика саласындағы инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру кезінде ескерілуі қажет жағдайларды, мүмкіндіктер мен тәуекелдерді жүйелеуге бағытталған. Атап айтқанда, салалық реттеу, әкімшілік рәсімдер, инфрақұрылымдық шектеулер және отандық әрі шетелдік инвесторлардың шешімдеріне әсер ететін өзге де факторларға ерекше назар аударылады.

«Көлік-логистика саласын дамыту үшін инвестиция тартумен қатар, оларды іске асыруға түсінікті, тұрақты әрі болжамды жағдайлар жасау маңызды. Талдамалық құжат жүйелі кедергілерді анықтауға, нақты шешімдер әзірлеуге және бизнестің ұсыныстарын мемлекеттік органдарға жеткізуге көмектесетін практикалық құралға айналуы тиіс. Біздің міндетіміз – осы ұсыныстардың одан әрі пысықталып, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етуіне қол жеткізу», – деп атап өтті Мұратбек Маханов.

Изображение

Талқылау қорытындысы бойынша тараптар құжатты бірлесіп әзірлеуді жалғастыруға және ұсынылған шараларды практикалық тұрғыдан пысықтауға дайын екендіктерін растады. Саланың ерекшеліктерін тереңірек қарастыру үшін теміржол, автомобиль, теңіз және ішкі су көлігі, азаматтық авиация, сондай-ақ жеке талдауды қажет ететін басқа да бағыттар бойынша тақырыптық жұмыс топтарын құру жоспарланып отыр.

Жұмыс топтары нақты реттеушілік және инфрақұрылымдық кедергілерді анықтауға, оларды жою жөнінде негізделген ұсыныстар әзірлеуге және қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі бастамаларды дайындауға басымдық береді.

Изображение

Қатысушылар бизнестің, салалық бірлестіктердің және мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылы инвестициялық саясатты жетілдіру, көлік-логистика саласының тартымдылығын арттыру және Қазақстанның транзиттік әлеуетін толыққанды іске асыру үшін маңызды екенін атап өтті.

Тараптар құжат бойынша жұмысты үйлестіруді жалғастырып, саладағы инвестициялық жобаларды іске асыру жағдайларын жақсартуға бағытталған ұсыныстарды нақты пысықтауға уағдаласты.