Шеберханадан әлемдік сөреге дейін. «Атамекен» қазақстандық қолөнер шеберлерін SHEBER брендімен біріктіреді

22.10.2026
Шеберханадан әлемдік сөреге дейін. «Атамекен» қазақстандық қолөнер шеберлерін SHEBER брендімен біріктіреді

Ұлттық мұра отандық брендтерді дамытуға, өңірлерде жұмыспен қамтуды арттыруға және экспортты ілгерілетудің негізіне айналуда

Ұлттық шеберлікті экономикалық өсімнің ресурсына айналдыру – 22 қазанда Астанада таныстырылған SHEBER бағдарламасының басты мақсаты болды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолөнершілер мен бизнестің күш-жігерін біріктіріп, саланың заманауи инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейді. Оның ішінде оқыту мен цифрлық ілгерілетуден бастап логистика мен саудаға дейінгі бағыттар қамтылмақ.

Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ өңірлер мен ауылдық жерлерде кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Pana Asia компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Таныстырылымда сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әсел Жанасова қолөнершілер еңбегінің қоғамда лайықты бағалануы мен олардың кәсібін дамытуға нақты экономикалық мүмкіндіктер жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Изображение

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Адал әрі қажырлы еңбегімен табысқа жеткен адамдар әрдайым құрметке бөленіп, еңбегі лайықты бағалануға тиіс», – деп атап өткен болатын. Мемлекет еңбек адамын жүйелі түрде қолдап, оның кәсіби шеберлігін шыңдауына және өз ісін дамытуына жағдай жасап келеді. Бүгінгі іс-шара мен SHEBER платформасының іске қосылуы – осы мемлекеттік саясаттың іс жүзіндегі тағы бір көрінісі. Қазақстанның әр өңірінде талантты қолөнершілер бар. Олардың жасаған бұйымдары көпшіліктің құрметі мен жоғары бағасына әбден лайық. Ендігі міндетіміз – оларға өз сатып алушыларын табуға көмектесу, тұрақты тапсырыстар алуына жағдай жасау және өндіріс көлемін кеңейтуге мүмкіндік беру», – деп атап өтті Әсел Жанасова.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев бағдарламаның табыстылығының басты өлшемі кәсіпкерлердің жұмысындағы нақты өзгерістер екенін атап өтті.

Изображение

«Жобаның нақты бағасы сөзбен емес, нәтижемен өлшенеді. Ендігі мақсатымыз – шеберлерге тұрақты тапсырыстарға жол ашып, табыстарын арттыруға ықпал ету, өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға көмектесу. Біз бірлесе отырып, Қазақстанда қолөнер бұйымдарының бәсекеге қабілетті, ауқымды ұлттық индустриясын қалыптастыра алатынымызға сенімдімін», – деді Қанат Шарлапаев.

SHEBER креативті экономиканы дамыту, отандық өндіріс пен өңірлік кәсіпкерлікті қолдау басымдықтарын нақты шешімдерге айналдырады. Бағдарламаның негізінде әр адамның өз еңбегі мен дарыны арқылы сұранысқа ие өнім жасап, отбасын қамтамасыз етуіне және өз ісін дамытуына мүмкіндік беру идеясы жатыр. Ел үшін бұл – жергілікті қауымдастықтардың әлеуетін экономикаға тартудың және қазақстандық өнімнің нарықтағы орнын нығайтудың жолы.

Ұлттық қолөнердің артықшылығы – дәстүрлі әдіс-тәсілдердің, авторлық идеяның және мәдени бірегейліктің үйлесімінде. Заманауи дизайн мен жоғары сапа осы ерекшеліктерді отандық брендтердің бәсекелестік артықшылығына айналдыруға мүмкіндік береді. Алайда, коммерциялық табысқа жету үшін шеберлік тұрақты іскерлік байланыстармен ұштасуы қажет.

«Өңірлерге жасаған сапарларымда сапалы әрі өзіндік ерекшелігі бар өнімдер шығаратын, өндіріс көлемін кеңейтуге дайын шеберлермен кездесемін. Олардың басты сұранысы – өткізу нарықтарына қол жеткізу. Шеберхананың тұрақты бизнеске айналуы үшін тұрақты тапсырыстар, жолға қойылған логистика және сауда желілеріне шығу мүмкіндігі қажет. Біз SHEBER бағдарламасы арқылы дәл осындай жүйені қалыптастыруды көздеп отырмыз», – деп жеткізді Қанат Шарлапаев.

Бағдарламаны Pana Asia компаниясы әзірледі. Іс-шара SHEBER цифрлық платформасының еліміздің кәсіпкерлер қоғамдастығын біріктіретін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына табысталуына орай ұйымдастырылды. Бұл Палатаның өңірлік желісінің әлеуетін пайдалануға, сондай-ақ «Атамекенмен» жүзеге асырылып жатқан бизнесті қолдауға бағытталған жобаларға қатысушыларды SHEBER платформасына тартуға мүмкіндік береді. Пилоттық кезең Алматы қаласы мен Алматы облысында басталады. Цифрлық платформа қолөнершілерді сауда алаңдары мен тапсырыс берушілермен байланыстырады. Бағдарлама аясында платформаға қосылуға көмек көрсету, электрондық кәсіби профильдер мен өнім карталарын жасау, кәсіпкерлік негіздері мен өнімді ілгерілету бойынша оқыту қарастырылған.

Изображение

«Басты мәселе – сұраныстың немесе шеберлердің жоқтығында емес, ортақ брендтің, бірыңғай стандарт пен өнімді өткізу арналарының қалыптаспағанында. Қолөнер – ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігі. Алайда бүгінде аға буын шеберлердің қатары сиреген сайын, бұл өнер де ұмыт болу қаупінде тұр. Оны сақтап қалудың бірден-бір жолы – шеберлерге өз еңбегімен табыс табуға мүмкіндік беру. Біздің міндетіміз – осыған қажетті инфрақұрылымды қалыптастырып, саланың дамуына серпін беру», – деді AQNIET GROUP Байқау кеңесінің төрағасы Ержан Ниязалиев.

Логистика үшін «Қазпошта» желісін пайдалану шалғай елді мекендердегі шеберлердің де бағдарламаға қатысуына мүмкіндік береді. Өнімдерді сату маркетплейстер, бөлшек сауда желілері, әуежайлар, музейлер мен туристік нысандар арқылы дамытылады деп жоспарлануда. Байқау негізінде іріктеу және бизнес өкілдерінің алдын ала тапсырыстары өндірушілерге сұранысты дәлірек бағалауға, материалдар сатып алуды және өндіріс көлемін жоспарлауға мүмкіндік береді. Бұл ретте цифрлық құралдар нақты экономикалық міндетті шешеді: кәсіпкерлерге тұрғылықты жеріне қарамастан сатып алушыларды табуға көмектеседі.

Изображение

 

Изображение

Шеберлермен жұмыс істеу үшін «Атамекен» Қазақстанның барлық 20 өңіріндегі кәсіпкерлер палаталарының желісін іске қосады. Бағдарламаның негізіне екі мыңнан астам кәсіпкерді біріктірген «Бір ауыл – бір өнім» жобасының тәжірибесі де алынады. SHEBER осы жұмысты кеңейтіп, жергілікті бастамаларды ұлттық ауқымдағы сауда инфрақұрылымымен байланыстырады.

Ауылдық аумақтар мен шағын қалаларда қолөнер кәсіпкерлігін дамыту қосымша жұмыс орындарын ашуға, отбасылық жұмыспен қамтуды арттыруға және жергілікті шикізатқа деген сұранысты қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай өндірістердің өсуі кәсіби дағдылар мен дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, алайда, оларды коммерциялық мақсатта пайдалану мүмкіндігі әлі де шектеулі өңірлерде іскерлік белсенділікті арттыра алады.

Изображение

 

Изображение

Бағдарламаның туристік экономика үшін де маңызы зор. Қазақстанға деген қызығушылықтың артуы ұлттық әшекейлер, тоқыма бұйымдары, интерьер заттары мен кәдесыйлар өндірушілеріне жаңа мүмкіндіктер ашады. Олардың туристік орталықтарда ұсынылуы саяхатшылардың шығындарын жергілікті экономикаға бағыттауға және шеберлердің өнімдері арқылы елдің өзіндік келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Изображение

 

Изображение

Бағдарлама кезең-кезеңімен дамытуды көздейді. Өнімдерді шетелде ілгерілету жұмыстарын Орталық Азия елдерінен бастап, одан әрі қарай жеткізу географиясын кеңейту жоспарланып отыр. Шеберханалардың экономикалық тұрақтылығы қолөнердің өзін сақтауға да жағдай жасайды. Бұл шәкірттерді оқытып, бірегей әдіс-тәсілдерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге және отбасылық істі жалғастыруға мүмкіндік береді.

Изображение

 

Изображение

SHEBER арқылы «Атамекен» осы міндеттердің барлығын ортақ мақсатқа біріктіреді. Ұлттық мұра оны сақтап жүрген жандарға табыс әкеліп, Қазақстан экономикасының өсуіне серпін беретін қайнар көзге айналуға тиіс.

Изображение

Изображение

Изображение

Іс-шараға Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпус пен даму институттарының, іскерлік бірлестіктер мен сауда желілерінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның әр өңірінен келген қолөнершілер қатысты.