Қазақстан мен Чехия агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады
«Атамекен»Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Чехия Республикасының делегациясымен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларына арналған кездесу өтті.
Кездесуге «Атамекен» ҰКП Төралқасы Агроөнеркәсіптік кешен Комитетінің төрағасы Ержан Нұрбаев, Чехияның Азық-түлік палатасының президенті Дана Вечержова, сондай-ақ, Қазақстанның салалық бірлестіктері мен бизнес өкілдері қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның Май-тоңмай одағының атқарушы директоры Константин Невзоров және Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Ақпар Мәуленов болды.
Кездесуге астық тазалау және сепарациялау жабдықтарын өндіруге маманданған чехиялық JK Machinery s.r.o. компаниясының ресми дилері – «Сауда үйі ДИКАН» ЖШС өкілдері де қатысты.
Тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Қазақстан мен Чехия арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасу және заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылады.
Агроөнеркәсіптік кешен Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі екені атап өтілді.
Екі елдің осы саладағы практикалық ынтымақтастығы өзара сауда көрсеткіштерімен расталады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасында да оң динамика байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Чехияға ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 11,6%-ға өсіп, 9,6 млн АҚШ долларына жетті.
Кездесуге қатысушылар тамақ өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін де қарастырды.
Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне шетелдік инвестициялар тарту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Жиын қорытындысы бойынша тараптар әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуға, салалық бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ, қазақстандық және чехиялық компаниялар арасында жаңа іскерлік байланыстар орнатуға ниет білдірді.