Ақтөбеде кәсіпкерлер студенттермен кітап пен өмірлік құндылықтар туралы ой бөлісті
Табысты бизнес, Абай шығармалары мен отбасылық дәстүрлердің арасында қандай байланыс бар? Бұл сұраққа Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенттері мен кәсіпкерлері "Кітап оқитын кәсіпкер" атты кездесуде бірге жауап іздеді.
Қазақстанда 29 қазанда атап өтілетін Кәсіпкерлер күні қарсаңында және «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны аясында Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті насихаттауға, тәжірибе алмасуға және іскерлік мәдениетті дамытуға бағытталған бірқатар іс-шара ұйымдастырды. Солардың бірі университеттің кітапханасында өтті. Кездесуде кітап оқу, өмірлік ұстанымдар және өз ісін қалыптастырған кәсіпкерлердің тәжірибесі сөз болды.
Іс-шара кәсіпкер Гүлнұр Есенқұлованың бастамасымен құрылған "Шаңырақ" кітап клубы аясында ұйымдастырылды. Кездесуді де Гүлнұр Есенқұлова жүргізді. Бұл жолы кәсіпкерлер студенттермен бизнес-жоспарлар мен қаржылық көрсеткіштерді емес, олардың дүниетанымына әсер еткен, өмірлік жағдайларға басқаша қарауға үйреткен кітаптарды талқылады.

"Мир упаковки" ЖШС басшысы Баубек Нұғұманов Ғабиден Мұстафиннің "Миллионер" романын таңдаса, "Dental Centre" стоматологиялық клиникасының басшысы Нұргүл Жолдасова Мұхтар Мағауиннің "Бір атаның балалары" повесі туралы ой бөлісті. Ал "Titan Logistics" ЖШС басшысы Самат Каракошев Абай Құнанбайұлының "Қара сөздеріне" тоқталды.
Үш шығарма - адамды қалыптастыратын, оның іс-әрекеті мен шешімдеріне ықпал ететін құндылықтар туралы ой қозғауға үш түрлі мүмкіндік.
"Миллионер" романын талқылау барысында қоғамның өзгерістерді қабылдауы мен жаңашылдыққа көзқарасы сөз болды. "Бір атаның балалары" повесі адамгершілік, туыстық байланыс пен махаббаттың күші туралы ойландырды. Ал Абайдың қара сөздері адал еңбек, кәсіби шеберлік және уақытты бағалай білу тақырыптарын қозғауға негіз болды.
Жастар үшін өзекті сұрақтардың бірі - табысқа жетуде диплом маңызды ма, әлде нақты білім мен кәсіби дағды ма? Бұл мәселе Абайдың қолөнер мен шеберліктің қадірін түсіндіретін 33-қара сөзі аясында талқыланды.

Студенттер де пікірталасқа белсенді қатысып, әр спикерге сұрақ қойды. Олар классиктердің ойларын бүгінгі өмірмен байланыстырып, маңызды мәселелерге өз көзқарастарын білдірді.
Кездесудің екінші бөлімі Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" шығармасын талқылауға арналды. Әңгіме әдебиет аясында ғана қалмай, отбасындағы тәрбие, ата-ана мен бала қарым-қатынасы, ұлттық дәстүрлер мен адамгершілік құндылықтар төңірегінде өрбіді.
Баланың мінезіне ата-ананың сөзі көбірек әсер ете ме, әлде жеке үлгісі ме? Қаталдық пен құрметтің ара-жігі қайда? Қандай дәстүрлерді сақтау керек, ал қайсысына бүгінгі заман тұрғысынан қараған жөн?
Қаржылық жауапкершілік тақырыбы да назардан тыс қалмады. Шығармада суреттелген той дәстүрлері негізінде ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, шамадан тыс шығынға жол бермеу мәселесі талқыланды. Шешімдерінің салдарын бағалап, міндеттемелеріне жауап беруге дағдыланған кәсіпкерлер үшін бұл тақырыптың маңызы ерекше.

Шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекеттері арқылы қатысушылар бүгінгі қоғамға да ортақ мәселелерді қарастырды. Атап айтқанда, үлкенді құрметтеу, жақындарына жауапкершілікпен қарау, еңбекті бағалау және қандай жағдайда да адамгершілікті сақтай білу жайы сөз болды.
"Кәсіпкерліктегі табыс тек іскерлік қабілетке ғана емес, білімге, өмірлік құндылықтарға және жаңа нәрсені үйренуге деген дайындыққа да байланысты. Осындай кездесулер арқылы жастарға кітап оқу мен кәсіпкерлердің тәжірибесі дамуға және өз жолын табуға көмектесетінін көрсеткіміз келеді", - деп атап өтті Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасында.
Гүлнұр Есенқұлованың бастамасымен жұмыс істеп келе жатқан "Шаңырақ" кітап клубы кәсіпкерлерді кітап оқу мен интеллектуалдық дамуға деген ортақ қызығушылық төңірегінде біріктіреді. "Кітап оқитын кәсіпкер" кездесуі бизнес өкілдерінің жастардың білімге құштарлығын арттыруға, дербес ойлауын дамытуға және тұлғалық өсуіне үлес қоса алатынын көрсетті.
Кәсіпкерлер күні қарсаңындағы мұндай диалогтың маңызы зор. Өйткені мықты кәсіпкер - тек бизнес құра білетін адам емес, сонымен қатар үнемі үйреніп, дамып, өз тәжірибесімен бөлісуге дайын тұлға.
