Астанада кәсіпорындарға тағы 37 тәлімгер даярланды

23.10.2026
Астанада кәсіпорындарға тағы 37 тәлімгер даярланды

Астанада «Тәлімгерлер мектебі» жобасы және дуальды оқытуды дамыту аясында кәсіпорындардың тағы 37 маманы тәлімгерлік бойынша оқудан өтті. Осылайша, 2018 жылдан бері Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы даярлаған тәлімгерлер саны 643 адамға жетті.

Дуальды оқытуды дамыту және еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Бұл ретте мамандарды тікелей жұмыс орнында оқытып, тәжірибесін жаңа қызметкерлерге беру маңызды.

«Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тәлімгер-мамандарды аттестаттау» тақырыбындағы оқуға денсаулық сақтау, көлік, спорт, сауда және қызмет көрсету салаларындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері қатысты.

Олардың қатарында «ҰК «ҚТЖ» АҚ филиалы - «Сороковинская машинизированная дистанция пути», «Автобусный парк № 1» АҚ, «Қазақстан бочча федерациясы» РҚБ, Қазақ ұлттық спорт университеті, Invictus Green Mall, CLC Company ЖШС, «SM» ЖК (Сұлтан-Мария), сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің №2 және №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханаларының өкілдері бар.

Оқу барысында қатысушылар тәлімгерлікті ұйымдастыру, кәсіби білім мен практикалық дағдыларды тиімді жеткізу, жанжалдарды басқару және эмоционалдық интеллектіні дамыту тәсілдерін меңгерді. Бағдарламада практикалық кейстер мен жұмыс барысындағы нақты жағдайларды талдауға басымдық берілді.

«Тәлімгер кәсіби тәжірибені беріп қана қоймай, жаңа қызметкердің жұмыс орнының талаптарына тез бейімделуіне көмектеседі. Бұл маманның еңбек процесіне жылдам араласып, алған білімін іс жүзінде қолдануына мүмкіндік береді», - деді Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин.

Изображение

«Тәлімгерлер мектебі» жобасы кәсіпорындардағы тәлімгерлік жүйесін дамытуға, жаңа қызметкерлердің жұмысқа бейімделуін жеңілдетуге және кадрлардың кәсіби әлеуетін арттыруға бағытталған.

Оқу соңында қатысушыларға тәлімгер сертификаттары берілді. Даярлықтан өткен мамандар туралы мәліметтер «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының тәлімгерлер тізіліміне енгізілді.

Изображение