Дәмді кәсіп: үй жағдайында шұжық дайындау хоббиінен толыққанды өндіріске дейін
Үй жағдайындағы сүйікті іс біртіндеп жеке кәсіпке ұласып, бүгінде толыққанды өндіріске айналып келеді. Табиғи шұжық өнімдерін дайындаумен айналысатын кәсіпкер Айгүл Әділбек биыл «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисті атанды. Ол өткен жылы да өз өнімдерін осы жоба аясында таныстырғанымен, финалға өте алмаған еді.
Алайда алғашқы талпыныстың сәтсіз аяқталуы кәсіпкерді тоқтатқан жоқ. Керісінше, Айгүл уақытын өнім түрлерін жетілдіруге, семинарларға қатысуға, әріптестерінің тәжірибесін зерделеуге және кәсіби шеберлігін арттыруға арнады. Бұрын өнімнің 20-ға жуық түрін шығарса, бүгінде ассортименті 30-дан астам атауға жетті.

«Өткен жылы финалға өте алмадым. Бірақ қайтадан бақ сынап көруге бел будым. Осы уақыт ішінде жаңа білім алып, кәсібімді едәуір дамыттым», – дейді кәсіпкер.
Білімі бойынша технолог маманы Айгүл Әділбек өз ісін үй жағдайында өнім дайындаудан бастаған. Кейін Жетісу облысының Кәсіпкерлер палатасына қолдау сұрап жүгінді. Жобаға қатысу оған өз өнімдерін кеңінен таныстыруға, тұтынушылардың назарын аударуға және бизнесті одан әрі дамытудың жаңа бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Қазір кәсіпкердің алдында өндірістік қуаттылықты арттыру міндеті тұр. Өнім түрлерінің көбеюі өндірісті техникалық тұрғыдан жаңғыртуды қажет етеді. Сондықтан алдағы уақытта өнімділігі жоғары жабдықтар сатып алып, өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.
Жетісу облысының Кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оналбаевтың айтуынша, шағын идеяның тұрақты кәсіпке айналуы – жобаның басты нәтижелерінің бірі. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы кәсіпкерлерге бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін табуға, кәсіби байланыстар орнатуға және өндірісті кеңейтуге дайындалуға көмектеседі.
Айгүл Әділбектің табыс тарихы жетістікке жету кездейсоқтық емес екенін дәлелдейді. Оның негізінде – табандылық, жіберілген қателіктерден сабақ алу, үздіксіз іздену және алға қарай нық қадам басуға деген ұмтылыс жатыр.
