«LEBIZ»: Ұлытаудың тарихи мұрасы жібек орамалдарда көрініс тапты
Ұлытау өңірінің шығармашылық әлеуетін танытып, ұлттық құндылықтарды заманауи дизайнмен ұштастырып жүрген кәсіпкер, дизайнер әрі креатор Арайлым Есембекова Түркістан қаласында өткен Turkistan Brand Craft Fair халықаралық халық қолөнері көрме-жәрмеңкесінде жүлделі орынға ие болды.
Арайлым Айтжанқызы Есембекова — «LEBIZ» жібек орамалдар брендінің авторы әрі негізін қалаушы, баспа және дизайн саласында еңбек етіп жүрген шығармашылық маман, «Graf» баспаханасының негізін қалаушы, Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі. Оның кәсіби тәжірибесі киім дизайны, полиграфия, жарнама және безендіру өнері салаларын қамтиды.
Халықаралық көрме-жәрмеңкеде дизайнер көрермен назарына қолдан жасалған жібек орамалдардан тұратын «LEBIZ» авторлық топтамасын ұсынды. Ерекше топтаманың басты ерекшелігі — қазақ халқының бай мәдени мұрасын, Ұлытау өңірінің тарихи құндылықтарын және ұлттық болмысты заманауи дизайн тілімен жеткізуінде.
Әрбір орамал — өзіндік тарихы мен мағынасы бар шығармашылық туынды. Топтамада ата-баба мұрасы, ұрпақтар сабақтастығы және қазақ даласының аруы бейнесі көрініс тапқан. Ұлттық нақыштар мен заманауи көркемдік шешімдердің үйлесімі бұйымдарға айрықша сипат беріп, оларды сәндік аксессуар ғана емес, мәдени құндылықтарды дәріптейтін өнер туындысы ретінде танытады.
Арайлым Есембекованың шығармашылық бағытының негізінде ұлттық мұраны жаңаша пайымдау, тарихи құндылықтарды бүгінгі күннің эстетикасымен сабақтастыру және өңірдің өзіндік ерекшелігін кеңінен таныту идеясы жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, «LEBIZ» бренді Ұлытау өңірінің мәдени әлеуетін танытып, ұлттық өнерді заманауи сән индустриясымен ұштастыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Turkistan Brand Craft Fair халықаралық көрме-жәрмеңкесінде жүлделі орынға ие болуы — дизайнердің шығармашылық ізденісіне берілген лайықты баға. Сонымен қатар бұл жетістік авторлық брендті дамытуға, отандық өнімнің танымалдылығын арттыруға және Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, оларды заманауи дизайн арқылы танытып жүрген Арайлым Есембекованы лайықты жетістігімен құттықтаймыз! Шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт, жаңа жобалар мен биік белестер тілейміз!.



