Ұлытау облысында жергілікті шеберлерді, дизайнерлерді және креативті индустрия өкілдерін біріктірген креаторлар көрмесі өтті.

22.10.2026
Ұлытау облысында жергілікті шеберлерді, дизайнерлерді және креативті индустрия өкілдерін біріктірген креаторлар көрмесі өтті.

Ұлытау облысында ұлттық мәдени мұраны дәріптеуге, жергілікті қолөнершілер мен дизайнерлердің шығармашылығын қолдауға, сондай-ақ креативті индустриялардың әлеуетін танытуға бағытталған көрме өтті. Іс-шара аясында көпшілік назарына қолдан жасалған бұйымдар, ұлттық нақыштағы киім топтамалары мен шығармашылық жұмыстар ұсынылып, өнер мен кәсіпкерліктің өзара байланысы айқын көрсетілді.

Көрменің салтанатты ашылуы ұлттық өнер мен заманауи шығармашылықтың үйлесімін бейнелейтін мазмұнды бағдарламаға ұласты. Қонақтар қазақтың ұлттық аспаптарында орындалған әуезді күйлерді тыңдап, арнайы дайындалған бейнеролик арқылы өңірдің шығармашылық әлеуетімен танысты. Ұлттық нақышта безендіріліп, шеберлердің туындыларымен толықтырылған көрме кеңістігі іс-шараның өзіндік ерекшелігін айқындай түсті.

Салтанатты іс-шарада Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Өміртайұлы құттықтау сөз сөйлеп, шығармашылық саланың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, өңірдің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, мәдени әлеуетімен, шығармашылық мүмкіндіктерімен және адами капиталымен де өлшенеді. Ал креативті индустриялар жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және ұлттық мәдениетті кеңінен дәріптеуге ықпал етеді.

Іс-шара барысында креативті индустрияларды дамытуға, ұлттық мәдени құндылықтарды сақтауға және насихаттауға үлес қосқан азаматтарға Ұлытау облысы әкімінің алғыс хаттары табысталды. Бұл шығармашылық сала өкілдерінің еңбегін бағалап, олардың жаңа бастамаларына қолдау білдірудің көрінісі болды.

Мерекелік бағдарлама Жезқазған музыкалық колледжі хорының өнер көрсетуімен жалғасты. Хор ұжымы акапелла форматында әндер орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ Jezz Acoustic Band музыкалық тобы өз композицияларын ұсынып, кештің көркемдік мазмұнын толықтырды.

Көрменің жарқын сәттерінің бірі жергілікті дизайнерлердің сән көрсетілімі болды. «Жансарай Dress Room» жетекшісі Жансая Ғалымжанқызы, «Ютария ЛТД» өкілі Сәуле Бақытаевна және Балнұр Сламбекқызы ұсынған киім топтамалары ұлттық нақыш пен заманауи сән үрдістерінің үйлесімін көрсетті. Дизайнерлердің жұмыстары ұлттық ою-өрнектер мен дәстүрлі мәдени элементтердің бүгінгі сән индустриясында да өзектілігін жоғалтпағанын дәлелдеді.

Бағдарлама аясында әжелердің қатысуымен жас ұрпаққа дәстүрлі қолөнер шеберлігін үйретуге бағытталған шеберлік сағаты да ұйымдастырылды. Бұл бастама аға буынның тәжірибесін жастардың шығармашылық ізденістерімен ұштастырып, қазақтың ұлттық мұрасын сақтаудың маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.

Көрме экспозициясын тамашалау барысында қонақтар жергілікті шеберлердің жұмыстарымен танысып, авторлармен пікір алмасты. Қолдан жасалған бұйымдар мен дизайнерлік туындылар шығармашылық еңбектің нәтижесін ғана емес, ұлттық болмысты, ұрпақтар сабақтастығын және әр автордың өзіндік көзқарасын да айқын көрсетті.

Бүгінде креативті индустриялар мәдени құндылықтарды сақтаумен қатар, оларды коммерцияландыруға, кәсіпкерліктің жаңа бағыттарын дамытуға және жергілікті өнімдердің танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, мұндай көрмелер шығармашылық қауымдастық өкілдерін біріктіріп қана қоймай, олардың өз туындыларын таныстыруына, тәжірибе алмасуына және жаңа серіктестік байланыстар орнатуына жол ашады.

Ұлытау облысында өткен көрме ұлттық өнер мен заманауи шығармашылық бағыттарды ұштастырудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті. Дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстырған мұндай бастамалар өңірдің мәдени әлеуетін нығайтып, Ұлытау облысының дамуына жаңа серпін береді.

 

ИзображениеИзображениеИзображениеИзображениеИзображениеИзображениеИзображениеИзображение