Қарағандының бизнес өкілдері жаңа экопаркте 10 мың көшет отырғызды
Кәсіпкерлер күні қарсаңында Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесі мен аймақтың бизнес-қоғамдастығы Қарағанды қаласындағы жаңа экопарк аумағына 10 мыңға жуық қарағай көшетін отырғызды. Қала әкімдігі ағаш отырғызуға екі гектар жер бөлді.
23 қазанның таңы нағыз күздің ызғарын сездірді. Далаға алғашқы қар түсіп жатты. Алайда ауа райының қолайсыздығы мен ерте басталған жұмысқа қарамастан, ағаш отырғызу акциясына кәсіпкерлер, Өңірлік кеңес мүшелері мен еріктілер жиналды. Олардың көбі бұл іске өз еркімен атсалысты. Екі гектар аумаққа мыңдаған жас қарағай қатар-қатар отырғызылды. Бірнеше жылдан кейін бұл ағаштар Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс тұрғындары үшін жасыл желекке айналмақ.
«Қарағанды облысы кәсіпкерлерінің Өңірлік кеңесі 10 мың қарағай көшетін отырғызу бастамасын көтерді. Көшеттерді кәсіпкеріміз Владимир Крючков өсірген. Бұл акцияны Республика күні мен алдағы Кәсіпкерлер күніне орай ұйымдастырдық. Облыс бизнесі экологиялық бастамаларды әрдайым қолдап, мұндай шараларға белсенді қатысады», – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Кульпеисов.
Оның айтуынша, бастамаға облыстың түрлі салалары мен аудандарынан кәсіпкерлер үн қосқан. Қолайсыз ауа райы да ешкімге кедергі болмады. Қарағайдың таңдалуы кездейсоқ емес. Көшеттердің барлығы осы өңірде, Бұқар жырау ауданында өсірілген. Сондықтан олар Қарағандының климаттық жағдайына бейімделген.
Көшеттердің барлығы жергілікті тұқымнан өсірілген. Оларды кәсіпкер Владимир Крючковтың Бұқар жырау ауданындағы жылыжай үлгісіндегі питомнигінде тұқымнан баптап шығарған. Негізгі қызметі бойынша ол өндіріс саласын басқарады, ал орманды қалпына келтіруді сүйікті ісіне айналдырған.
«Қарағанды өңірінің экологиясын аз да болса жақсартуға үлес қосқым келеді. Біздің питомникте қарағай көшеттерін тамыр жүйесі жабық технология бойынша өсіреміз. Бұлар – екі жылдық көшеттер. Олар ашық ауада бір қысты өткеріп үлгерген, тамыр жүйесі толық қалыптасқан», – деді Владимир Крючков.
Мұндай көшет ашық топырақта емес, арнайы ұяшықтарға салынған топырақта өсіріледі. Оны отырғызу кезінде қазып алып, тамырындағы топырақты сілкіп тастамайды. Көшет өзіне үйреншікті топырақ түйірімен бірге жаңа орынға көшіріледі. Соның арқасында тамырлары зақымданбайды, өсімдік жаңа ортаға тез бейімделеді. Кәсіпкердің айтуынша, мұндай көшеттердің жерсіну көрсеткіші 95 пайызға дейін жетеді.
Владимир Крючковтың ағаш отырғызудағы тәжірибесі мол. Осы уақытқа дейін ол 30 мыңға жуық ағаш отырғызған. Қазір оның питомнигінде жасы 15 жылдан асқан қарағай, шырша мен майқарағайлар өсіп тұр. Олар өздігінен тұқым бере бастады. Кәсіпкер сол тұқымдардан Қарағандының табиғи жағдайына толық бейімделген қарағай көшеттерін өсіруді жоспарлап отыр.
Қар жауып тұрған кезде ағаш отырғызу бір қарағанда тосын көрінуі мүмкін. Алайда орман шаруашылығында күзгі отырғызу – бұрыннан қолданылып келе жатқан әдіс. Климат өзгеріп жатқан Қарағанды облысы үшін ағаш отырғызу мерзімін дұрыс таңдау ерекше маңызды.
«Көктем бұрынғыдан ерте келеді де, артынша ұзаққа созылатын құрғақшылық басталады. Сондықтан ағаштарды күзде отырғызуды жөн көрдік. Бүгін қар жауып тұр, бірақ жер әлі жылы. Көшеттерді топыраққа отырғызамыз, кейін олардың үстін қар басады. Ал көктемде қайтадан өсе бастайды», – деп түсіндірді Владимир Крючков.
Қарапайым тілмен айтқанда, күзде қарағайдың жерсінуіне қолайлы жағдай қалыптасады. Бұл кезеңде ағаштың бойлап өсуі баяулап, негізгі күшін тамыр жүйесіне жұмсайды. Топырақ қатпай тұрған кезде тамырлары жаңа ортаға бейімделіп үлгереді. Ал күн жылып, құрғақшылық басталғанда көшет топыраққа орнығып, өсуін жалғастырады.
Алғашқы нәтижені келесі маусымда-ақ көруге болады.
«Бұл – тұқымнан өніп шыққан, тамыр жүйесі жабық технологиямен қалыптасқан көшет. Менің ойымша, келесі жылы оның бойы шамамен 20 сантиметрге өседі. Ал үш жылдан кейін биіктігі жарты метрге жуықтайды. Климатымыз қатты өзгеріп жатыр. Сондықтан топырақты эрозиядан қорғау үшін көгалдандыру жұмыстарын барынша қарқынды жүргізу қажет», – деді Владимир Крючков.
Жас қарағайлардың жерсініп, жақсы өсуі үшін оларға тұрақты күтім қажет. Атап айтқанда, суару, арамшөптерден тазарту және қорғау жұмыстары жүргізілуі тиіс. Экопарк Әлихан Бөкейхан атындағы аудан аумағында орналасқан. Аудан әкімдігімен көшеттерді күтіп-баптау жөнінде алдын ала келісім жасалған. Кәсіпкерлер палатасы да жас орманның жай-күйін бақылауда ұстамақ.
Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын жаңа көшеттерге ұқыпты қарауға шақырады. Қазіргі уақытта аумақ қоршалмаған. Сондықтан, мысалы, қарда жүретін көліктер жас көшеттерді оңай зақымдауы мүмкін.
«Біз үшін Кәсіпкерлер күні – тек жыл қорытындысын шығарып, марапат алатын күн емес. Бизнес жүргізгеннен кейін қаламызда көзге көрінетін, тіршілікке нәр беретін игі іс қалса дейміз. Бірнеше жылдан соң бұл жерде қарағайлы тоғай өседі. Сол тоғайда бүгін осында келіп, еңбек еткен әр адамның үлесі болады», – деп түйіндеді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Владимир Алескеров.