Бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер: Қазақстанда алғашқы магистральдық этан және пропан құбырлары салынады
Атырау облысында Теңіз кен орнындағы Газ сепарациялау кешенінен Қарабатандағы мұнай-газ химиясы кәсіпорындарына шикізат тасымалдауға арналған алғашқы магистральдық этан және пропан құбырларының құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстарының басталуы алғашқы дәнекерлеу жігінің салынуымен белгіленді.
Жобаны «KMG PetroChem» ЖШС жүзеге асыруда. Әр құбырдың ұзындығы шамамен 210 шақырымды құрайды. Этан құбырының жылдық өткізу қуаты 1,6 млн тоннаға, ал пропан құбырының өткізу қуаты 1,1 млн тоннаға жетеді. Мұндай магистральдық құбырлар Қазақстанда алғаш рет салынуда. Құрылысты 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жоба аясында сұйытылған этан мен пропанды Қарабатандағы «ҰИМТ» АЭА-да орналасқан полиэтилен және полипропилен өндіретін кәсіпорындарға қауіпсіз, сенімді әрі үздіксіз жеткізу қамтамасыз етіледі. Аталған нысандар бірлесе отырып, көмірсутектерді терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға негіз қалайды.
«Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының пікірінше, мұнай-газ химиясы инфрақұрылымын дамыту экономиканы әртараптандыруға, өнеркәсіп өндірісін кеңейтуге және отандық бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.

Ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға қазақстандық өндірушілерді, мердігерлік және сервистік ұйымдарды тартудың маңызы зор. Осыған байланысты жоба аясында қазақстандық қамту үлесін арттыруға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, отандық жабдықтар мен материалдарды жеткізушілерді, мердігерлік және сервистік ұйымдарды, сондай-ақ білікті мамандарды тарту көзделген. Бұл өндірістік кооперацияны дамытуға, отандық кәсіпорындардың кәсіби және технологиялық әлеуетін арттыруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызы да жоғары. Құрылыс жұмыстары ең қарқынды жүретін кезеңде 1 300-ге дейін жұмыс орнын ашу, ал нысандар пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 170 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Атырау облысының тұрғындарын жұмысқа орналастыруға басымдық беру Атырау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «KMG PetroChem» ЖШС және мердігер «ЧППИ Қазақстан» ЖШС арасында жасалған үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумда көзделген.

Өз кезегінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мұндай жобаларға қазақстандық бизнестің ашық әрі әділ бәсекелестік жағдайында қатысуына мүмкіндік жасау маңызды деп санайды. Бұл ретте сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және әлеуетті жеткізушілерді алдағы сатып алулар туралы алдын ала хабардар етуге ерекше мән беріледі.
Ұлттық палата алдағы уақытта да отандық кәсіпкерлікті дамытуға, сондай-ақ ірі өнеркәсіптік тапсырыс берушілер мен қазақстандық кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесуді жалғастырады.