Қазақстан мен Марокко сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады
Астанада «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма Төрағасы Мұрат Қарымсақовтың Марокконың дипломатиялық және іскер топтарының өкілдерімен кездесуі өтті. Тараптар өзара сауданы кеңейту, бірлескен кәсіпорындар құру және қазақстандық өнімді Африка нарықтарына шығару үшін Марокконың логистикалық инфрақұрылымын пайдалану перспективаларын талқылады.
Кездесуге Марокко Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мохаммед Рашид Маанину, марокколық делегацияның басшысы, Африка тау-кен өнеркәсібі және энергетика конгресінің төрағасы, профессор Амин Лагиди, сондай-ақ ZAHI Group президенті — бас директоры Рашид Захид қатысты.
Мұрат Қарымсақов Қазақстанда бизнес жүргізу және өндірісті жергіліктендіру мүмкіндіктерін таныстырып, ауыл шаруашылығы, тау-кен және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ақпараттық технологиялар мен фармацевтика салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін атап өтті. Ол Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының тікелей іскерлік байланыстар орнатуға және екі ел кәсіпкерлерінің өзара іс-қимылын сүйемелдеуге дайын екенін жеткізді.
«Қазақстан мен Марокконың бірлесіп жұмыс істеуіне, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігі, тау-кен өнеркәсібі және тыңайтқыштар өндірісі салаларында елеулі мүмкіндіктер бар. Біз өнім жеткізумен қатар, кейіннен өзге нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін бірлескен өндірістер құрудың да келешегін көріп отырмыз. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы кәсіпкерлерге серіктестер табуға және нақты жобаларды пысықтауға көмектесуге дайын», — деді Мұрат Қарымсақов.
Қатысушылар қазақстандық астықты жеткізу мәселесіне ерекше назар аударды. Марокко Елшісінің хабарлауынша, өткен жылы ұзақ үзілістен кейін әрқайсысына 30 мың тоннадан тиелген екі кемемен қазақстандық бидай жеткізілген. Марокко тарапы сатып алу көлемін ұлғайтуға қызығушылық танытып, тыңайтқыштар өндіруге қажетті шикізатқа сұраныс бар екенін атап өтті.

Профессор Амин Лагиди Марокконың өнімді Африка, Жерорта теңізі өңірі және Оңтүстік Еуропа нарықтарына ілгерілететін сауда-логистикалық орталық ретіндегі мүмкіндіктерін таныстырды. Талқылау барысында порт және қойма инфрақұрылымын пайдалану, азық-түлікті сақтауды ұйымдастыру және жеткізу тізбектерін қалыптастыру мәселелері қаралды. Осы тұрғыда ZAHI Group компаниясымен, соның ішінде тоңазытқыш қойма инфрақұрылымы саласында ынтымақтасу мүмкіндіктері талқыланды.
«Марокко қазақстандық мұнай-газ және химия өнімдерін тарату орталығына айнала алады. Біз сондай-ақ фармацевтика саласындағы ынтымақтастыққа, технологиялар мен жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға мүдделіміз. Нақты жобаларға назар аудару маңызды: табысты практикалық нәтиже серіктестікті одан әрі кеңейтуге негіз болады», — деп атап өтті Амин Лагиди.
Тараптар бірлескен кәсіпорындар құру, инвестициялық өзара іс-қимыл және жеткізу көлемін ұлғайту арқылы көлік шығындарын азайту мәселелерін де талқылады. Қатысушылар Қазақстанның өндірістік әлеуеті мен Марокконың сауда-логистикалық мүмкіндіктерін ұштастыру екі ел бизнесіне қосымша перспективалар ашатынын атап өтті.
Кездесу соңында Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен марокколық делегация өкілдері ұсыныстарды одан әрі пысықтау және мүдделі компаниялар арасында тікелей өзара іс-қимыл орнату үшін байланыс деректерімен алмасты.