Қазақстан мен Оман: бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер және «Атамекен» ҰКП-ның серіктестікті дамытудағы рөлі
Алматыда Қазақстан мен Оман арасындағы сауданы дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін іскерлік серіктестер табу жолдары талқыланды.
Қазақстан мен Оман арасындағы қарым-қатынас жаңа кезеңге қадам басты. 5–6 қазанда Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен келген Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен келіссөздер жүргізді.
Жоғары деңгейдегі келіссөздер екі елдің экономикалық байланыстарын дамытуға және іскерлік топтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін берді. Сапардың нақты нәтижелерінің бірі - «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Оманның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында Қазақстан–Оман іскерлік кеңесін құру туралы келісімге қол қойылуы.
Астанада өткен Қазақстан–Оман бизнес-форумында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан–Оман іскерлік кеңесінің құрылуы бизнес өкілдерінің белсенді өзара іс-қимылы үшін тиімді алаң болатынына сенімдімін», - деп атап өтті.
27 қазанда Алматыда мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпус пен бизнес өкілдерінің қатысуымен форум өтті. Іс-шараға Оман Сұлтанатының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі шейх доктор Салех Салим Әли Джабуб, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов, AFF директорлар кеңесінің төрағасы Азиз Амири және іскерлік қауымдастық өкілдері қатысты.
Форумның басты тақырыптарының бірі сауда-саттықты, соның ішінде азық-түлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту болды. «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин Қазақстан–Оман іскерлік кеңесінің кәсіпкерлер үшін маңызына тоқталды:

«Әріптестігімізді дамыту жолындағы маңызды қадам - «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Оманның Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында келісімге ресми түрде қол қойылып, Қазақстан–Оман іскерлік кеңесінің құрылуы. Бұл компаниялар арасындағы ынтымақтастықты сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріп, бизнес өкілдерінің тікелей диалог жүргізуіне, туындайтын мәселелерді шешуіне және бірлескен бастамаларды қолдауға тиімді алаң қалыптастырады».
Іскерлік кеңес кәсіпкерлерге тікелей серіктестер табуға, бірлескен бастамаларды талқылауға және сыртқы нарықтарға шығу кезінде туындайтын мәселелерді көтеруге көмектесуді көздейді. Ал «Атамекен» екі елдің іскерлік қауымдастықтары арасындағы байланысты нығайтуға және қазақстандық компаниялардың мүдделерін қорғауға атсалысады.
Азық-түлік саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері ерекше. Қазақстандық өндірушілер экспорт көлемін ұлғайтып, Таяу Шығыс нарықтарына шыға алады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстанның өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда сенімді серіктес болуға дайын екенін атап өткен болатын.


Ол үшін компанияларға нарықтағы сұранысты, өнім сапасы мен сертификаттауға қойылатын талаптарды, логистика және жеткізу шарттарын жақсы білу маңызды.
Алматы - еліміздің ірі іскерлік орталықтарының бірі. Мұнда жаңа нарықтарға шығуға және шетелдік серіктестермен жұмыс істеуге мүдделі өндірістік, өңдеуші, сауда және логистикалық компаниялар шоғырланған.


Ендігі міндет - қол жеткізілген келісімдерді нақты іске айналдыру. Яғни іскерлік байланыстарды кеңейтіп, өнім жеткізудің жаңа жолдарын табу және екі ел кәсіпкерлеріне де пайда әкелетін бірлескен жобаларды жүзеге асыру.