Экспорттық квота талаптары жеңілдетілді: Түркістан кәсіпкерлерінің мәселесі шешімін тапты
«Атамекен» ҰКП көтерген ұсыныстардың нәтижесінде сиыр етін экспорттауға арналған квоталарды бөлу талаптарына өзгерістер енгізілді. Бордақылау алаңының ең төменгі қуаттылығына қатысты талап 5 мың бастан 500 басқа дейін төмендетілді.
Мал шаруашылығы — ауыл шаруашылығының маңызды салаларының бірі. Оның тұрақты дамуы үшін отандық өндірушілердің ішкі нарықпен қатар, сыртқы нарықтарға да шығуына мүмкіндік болуы қажет. Алайда экспортқа қойылатын талаптардың жоғары болуы кәсіпкерлердің өндірістік әлеуетін толық пайдалануға және экспорттық келісімшарттарды орындауға кедергі келтіруі мүмкін.
Осыған байланысты «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдері көтерген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырып, кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіретін әкімшілік тосқауылдарды азайту бағытында жұмыс жүргізіп келеді.
Осындай мәселелердің бірі Түркістан облысындағы мал шаруашылығы кәсіпкерлерінің сиыр етін экспорттауға арналған квоталарды алу кезінде кездескен қиындықтарына қатысты болды. Атап айтқанда, бордақылау алаңдарының қуаттылығына қойылатын жоғары талаптар шағын және орта агробизнес өкілдерінің экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндігін шектеді.
Мәселені көтерген кәсіпкерлердің қатарында «Майлыкент Агро» ЖШС директоры Берік Қасымбекұлы Жабатаев та бар. Кәсіпкер квота бөлу тәртібіндегі талаптарды қайта қарау қажеттігін айтып, өлшемшарттардың нақты өндірістік мүмкіндіктерге сай әрі әртүрлі санаттағы шаруашылықтар үшін қолжетімді болуына назар аударды.
Кәсіпкердің өтініші «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің қарауына алынды. Мәселені тиісті мемлекеттік органдармен пысықтау нәтижесінде сиыр етін экспорттауға арналған квоталарды бөлу қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 13 сәуірдегі №133 бұйрығымен 2025 жылғы 29 желтоқсандағы №503 бұйрыққа тиісті өзгерістер енгізілді. Соның нәтижесінде бордақылау алаңының ең төменгі қуаттылығына қатысты талап 5 мың бастан 500 басқа дейін төмендетілді.
«Атамекен» ҰКП Түркістан облыстық филиалы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Бақытжан Құралбаевтың айтуынша, бұл өзгеріс кәсіпкерлердің ұсыныстарын ескере отырып, салалық мәселелерді шешу бағытында жүргізілген жұмыстың нақты нәтижелерінің бірі.
«Бұл өзгеріс — кәсіпкерлердің ұсыныстарын ескере отырып, көтерілген салалық мәселелерді шешу бағытында жүргізілген жұмыстың нақты нәтижесі. Бұрынғы талаптар бірқатар шаруашылықтың экспорттық мүмкіндіктерін шектесе, жаңа өзгерістер олардың сыртқы нарыққа шығуына жол ашады. Бұл — бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдың маңызын көрсететін нақты мысал», — дейді Бақытжан Құралбаев.
Енгізілген өзгерістер өндірістік әлеуеті бар, алайда бұрынғы жоғары талаптарға сәйкес келе алмаған шаруашылықтардың экспортқа шығу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар олар ет өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындар арасындағы әріптестікті дамытуға және өндірістік қуаттарды тиімді пайдалануға ықпал етеді.
Бұл жағдай кәсіпкерлердің нақты өтініштерін қарастырып, олар көтерген жүйелі мәселелерді шешудің маңызын көрсетеді. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықтау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіретін нормативтік талаптарды жетілдіру бағытындағы жұмысын жалғастырады.