Республика күні қарсаңында кәсіпкерлік саласының өкілдері марапатталды

23.10.2026
Республика күні қарсаңында кәсіпкерлік саласының өкілдері марапатталды

Астанада Республика күні қарсаңында отандық кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып жүрген кәсіпкерлерді, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері мен іскерлік серіктестерді марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті.

Салтанатты шара барысында ел экономикасының дамуына, кәсіпкерлік ортаның қалыптасуы мен нығаюына және отандық бизнестің өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік наградалар, «Атамекен» ҰКП медальдары, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.

Изображение

Марапат иелерінің қатарында Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Аслан Ибадуллаев та бар. Ол адал еңбегі мен кәсіби қызметі үшін «Адал еңбегі үшін» III дәрежелі медалімен марапатталды.

Изображение

Сонымен қатар, кәсіпкерлік саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген Орынбасар Кабиштаев «Құрмет» орденімен марапатталды. Бұл – өңір кәсіпкерлігінің дамуына еңбек сіңіріп жүрген азаматтардың қызметіне берілген жоғары баға.

Изображение

Аталған марапаттар кәсіпкерлік саласындағы табанды еңбектің, кәсіби жауапкершіліктің және ел игілігі жолындағы қызметтің маңызын айқындайды. Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірдегі кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, бизнес бастамаларды қолдау және кәсіпкерлік ортаны дамыту бағытындағы жұмысын жалғастырады.

Изображение

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы марапат иелерін шын жүректен құттықтап, еңбектеріне табыс, отбасыларына амандық, абыройларының арта беруін тілейді.

Барша қазақстандықтарды келе жатқан Республика күнімен құттықтаймыз! Еліміз аман, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем, берекеміз баянды болсын!