ШҚО кәсіпкерлеріне еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ескертілді
Жалақыны уақтылы төлемеу, еңбек қатынастарын тиісті түрде рәсімдемеу, қызметкерлерді міндетті сақтандырудың болмауы – жұмыс берушілерге қомақты айыппұл салуға әкеп соғуы мүмкін заңбұзушылықтар. Статистика көрсеткендей, бұл мәселе Шығыс Қазақстан үшін әлі де өзекті.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде ШҚО бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің өкілдері кәсіпкерлерге еңбек заңнамасының негізгі талаптары мен оларды сақтамағаны үшін көзделген жауапкершілік туралы түсіндірді.
ШҚО прокуратурасының 2026 жылғы қазан айындағы мәліметіне сәйкес, «Цифрлық қадағалау» ақпараттық жүйесіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде:
· 2 418 жұмыс беруші міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және әлеуметтік аударымдарды төлемеген;
· 464 жұмыс беруші қызметкерлермен еңбек шарттарын жасасу туралы мәліметтерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) енгізбеген;
· 1 000-нан астам жұмыс беруші қызметкерлерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды қамтамасыз етпеген.
Бұл көрсеткіштер қызметкерлердің еңбек құқықтарының бұзылу қаупі әлі де сақталып отырғанын және кәсіпкерлер арасында профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігін көрсетеді.
ҚР еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші жалақыны уақтылы және толық көлемде төлеуге міндетті. Белгіленген мерзімдерді бұзғаны және жалақыны толық төлемегені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 87-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Еңбек қатынастарын тиісті түрде рәсімдеу де маңызды. Жұмыс беруші қызметкермен еңбек шартын жасасып қана қоймай, ол туралы мәліметтерді ЕШЕБЖ-ге уақтылы енгізуге міндетті. Аталған жүйеге ақпарат енгізу талаптарын бұзғаны үшін де әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Кездесу барысында міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды уақтылы төлеуге, сондай-ақ қызметкерлерді өндірістегі жазатайым оқиғалардан сақтандыруға ерекше назар аударылды.
Сақтандыру шартының болмауы кәсіпорын үшін де, қызметкерлер үшін де елеулі тәуекелдер туғызады. Өндірістік жарақат алған жағдайда қызметкерлер заңнамада көзделген сақтандыру төлемдерін алу кезінде қиындықтарға тап болуы мүмкін.
ШҚО Кәсіпкерлер палатасы еңбек заңнамасының талаптарын түсіндіру және еңбек саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жалғастыруда.