Қазақстан мен Қырғызстанның бизнес өкілдері сауданы және бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылады

28.10.2026
Қазақстан мен Қырғызстанның бизнес өкілдері сауданы және бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылады

Бішкекте Қазақстан-Қырғызстан Үкіметаралық кеңесінің 14-отырысы қарсаңында Қазақстан-Қырғызстан Іскерлік кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Екі елдің іскер топ өкілдері өзара сауда мәселелерін, кәсіпкерлердің түйткілдерін және өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, логистика мен туризм салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау үшін бас қосты.

Отырысқа Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әбілқайыр Сқақов, ҚР «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы Мұрат Қарымсақов, Қырғыз Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Темір Сариев, Қырғыз Республикасының Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының президенті Данил Ибраев, сондай-ақ Қазақстан–Қырғызстан Іскерлік кеңесінің тең төрағалары Ильяс Тулекеев пен Кубатбек Рахимов қатысты.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы қазақстандық бизнестің 40-тан астам өкілінің қатысуын қамтамасыз етті. Олардың қатарында Алматы қаласынан «Hyundai Com Trans Kazakhstan» ЖШС, «VISOR KAZAKHSTAN» ЖШС, «KazMedAspap» ЖШС, Қарағанды облысынан «Мечта 2019» ЖШС, Астанадан «TGS-Energy» және Қызылорда облысынан «Aral Organic» компанияларының өкілдері болды. Делегация құрамына көлік-логистика, құрылыс, IT, сауда және қызмет көрсету салаларының кәсіпорындары да кірді.

Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов Іскерлік кеңес кәсіпкерлерге нақты мәселелерді шешуге және мемлекетаралық уағдаластықтарды бірлескен жобалар арқылы іске асыруға көмектесуі тиіс екенін атап өтті.

Изображение

«Бүгінгі кездесу аясында елдеріміз арасындағы бизнестің дамуына нақты кедергі келтіріп, оны шектеп отырған барлық мәселені ашық әрі мәні бойынша талқылау үшін барынша ашық диалог өткізуге шақырамыз. Іскерлік кеңес кәсіпкерлер тап болатын барлық кедергі мен түйткілді ашық көтеріп, оларды жою жөнінде нақты әрі пәрменді шешімдер қабылдау үшін үкіметтер деңгейіне жедел шығаруы тиіс», — деді Мұрат Қарымсақов.

Өнеркәсіптік кооперацияны, бірлескен инфрақұрылымды дамыту және логистикалық кедергілерді жою бірлескен жұмыстың басым бағыттарының бірі ретінде белгіленді. Екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті жобаларының бірі — өткізу пункттері маңында индустриялық және сауда-логистикалық кешен салу. Негізгі өткізу пункттеріндегі тұрақты кептелістер мен жүк көліктерінің шоғырлануын, бақылау мәселелері мен маусымдық шектеулерді ескере отырып, шекара маңындағы инфрақұрылымды кешенді жаңғырту қажет.

Мұрат Қарымсақов электрондық кезек жүйелерін іске қосуды жеделдетуді, тез бұзылатын өнімдер үшін басым тәртіппен өткізуге мүмкіндік беретін «жасыл дәліздер» құруды, навигациялық пломбаларды қолдана отырып, ведомстволар арасындағы электрондық дерек алмасуды кеңейтуді, сондай-ақ салмақтық және габариттік бақылау талаптарын үйлестіруді ұсынды. Бұл шаралар балама автомобиль жолын салумен қатар тауарлардың жылдам әрі кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өзара инвестицияларды қорғау және компаниялардың екі ел нарығындағы жұмыс жағдайлары да талқыланды. Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының Басқарма төрағасы инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ілгерілетудің, сондай-ақ бірлескен жобаларды сүйемелдеудің қажеттігін атап өтті.

Изображение

Энергетика саласында су-энергетикалық ресурстарды ұтымды пайдалануға, күн және су электр станцияларын салу перспективаларына назар аударылды. Өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенінде кооперацияны, қайта өңдеуді дамыту және бірлесіп шығарылған өніммен үшінші елдердің нарықтарына шығу мәселелері қарастырылды.

Іскерлік кеңес отырысының қорытындысы бойынша бірлескен іс-қимыл жоспары әзірленді. Онда қатысушылардың өзара сауда жүргізу шарттарын жеңілдету, кооперацияны дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі ұсыныстары қамтылды.

Айта кетейік, 29 қазанда қазақстандық компаниялар үшін қырғызстандық серіктестермен B2B-кездесулер, сондай-ақ Қырғызстанның еркін экономикалық аймағына және өзге де өндірістік алаңдарына бару ұйымдастырылады. Бағдарлама кәсіпкерлерге бизнес жүргізу жағдайларымен танысуға және ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылауға мүмкіндік береді.