Құрманғазы ауданында дуалды білім беру жүйесіне арналған тәлімгерлер даярлау жұмыстары күшейтілуде
Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының жанындағы Тәлімгерлік мектебі аясында «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тәлімгер мамандарды аттестаттау» тақырыбында екі күндік оқу курсы ұйымдастырылды. Оқытуға дуалды білім беру жүйесі бойынша болашақ мамандарды даярлауға қатысатын кәсіпорындар мен ұйымдардың 34 маманы қатысты. Олар өндірістік оқыту және тәлімгерлік саласындағы кәсіби құзыреттерін арттыруға мүмкіндік алды.
Бағдарлама 16 академиялық сағатқа есептелген және студенттерге тікелей жұмыс орындарында жетекшілік ететін мамандардың практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған. Курс қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Оқу барысында тыңдаушылар өндірістік оқытуды ұйымдастырудың заманауи әдістерімен, кәсіби тәжірибені жеткізу құралдарымен және жас мамандармен тиімді қарым-қатынас орнату тәсілдерімен танысты. Сондай-ақ дуалды білім берудің нормативтік-құқықтық негіздеріне, еңбек заңнамасының талаптарына, кәсіби стандарттар мен тәлімгердің құзыреттеріне ерекше назар аударылды.
Оқытуды дуалды білім беру саласында он жылдан астам тәжірибесі бар Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің сарапшысы, тренер-мультипликатор Амангелді Иманов жүргізді.
Қатысушылар қарастырылған тақырыптардың өзектілігін және алған білімдерінің күнделікті кәсіби қызметте пайдасы мол екенін атап өтті.
«Оқыту пайдалы әрі мазмұнды болды. Біз бұрыннан білетін білімімізді жүйелеп қана қоймай, жас мамандармен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерімен де таныстық. Біздің кәсіпорын үшін студенттерге тәжірибе үйрететін қызметкерлердің оқу процесін дұрыс ұйымдастырып, болашақ мамандардың өндірістік ортаға тез бейімделуіне көмектесе алуы маңызды. Алған білімімізді күнделікті жұмысымызда тиімді пайдаланатынымызға сенімдімін», — деп әсерімен бөлісті «Құрманғазы су арнасы» ЖШС өкілі Рахмет Рамазанов.

Амангелді Имановтың айтуынша, тәлімгерлерді кәсіби даярлау дуалды білім беруді дамытудың және сұранысқа ие мамандарды даярлау сапасын арттырудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
«Тәлімгер болашақ маманның кәсіби дағдыларын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Оның біліктілігі, өндірістік процестерді түсіндіру және практикалық тәжірибені жеткізу қабілеті студенттің алған білімін нақты жұмыс жағдайында қаншалықты тиімді қолдана алатынына тікелей әсер етеді. Сондықтан тәлімгерлік жүйесін жүйелі түрде дамыту білім беру ұйымдары үшін де, кәсіпорындар үшін де маңызды», — деп атап өтті тренер.

Айта кету керек, тәлімгерлікті дамыту бизнес пен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ өңір кәсіпорындарының нақты қажеттіліктерін ескере отырып, білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік береді.