Гүлнар Бижанова СҚО-ның негізгі кәсіпорындарын аралады
Солтүстік Қазақстан облысына ҚР «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова екі күндік жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында ол өңірдің бірқатар жетекші өндірістік алаңдарында болды.
Солтүстік Қазақстан облысы өңдеуші өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешені саласында сенімді өсім көрсетуде. Өңірдің ағымғы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 10,6%-ға артып, 697,1 миллиард теңгені құрады. Өңірдің мал шаруашылығы саласы 184,1 миллиард теңгенің өнімін шығарды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 3,7%-ға артық. 63,1 мың тонна ет, 324,4 мың тонна сүт және 512,9 миллион жұмыртқа өндірілді. Ал өнеркәсіп өндірісі 15%-ға ұлғайып, 718,9 миллиард теңге көрсеткішіне жетті, сонымен қатар өңдеу секторына шығарылымның 86,4%-ы тиесілі.
Сапар әр түрлі салалардың кәсіпорындарын қамтыды: заманауи құс кешені мен ет өңдеу кәсіпорнынан бастап жоғары технологиялық трансформатор шығаратын зауытқа дейін.
«Северный бройлер» құс фабрикасы» ЖШС-нің толық өндірістік циклі және экспорттық әлеуеті
Сапардың алғашқы нысаны Аққайың ауданы Аралағаш ауылында орналасқан «Северный бройлер» құс фабрикасы» ЖШС болды. Ауыл шаруашылығы кәсіпорны құс етін өндіру және өңдеудің толық циклімен айналысады. Мұнда жылына 5500 тоннаға дейін ет өндіріледі. Құс фабрикасында жұмыртқаны инкубациялаудан бастап дайын өнімді өткізуге дейінгі тұйықталған тізбек құрылған. Бұл ретте инкубаторийге бір мезгілде 40 800 жұмыртқа салуға болады.
«Алынған балапандар арнайы балапан таситын көлікпен өсіру алаңына тасымалданады. Жеткізілгеннен кейін барлық технологиялық және ветеринарлық-санитарлық талаптарды сақтай отырып, балапандар дайындалған құс қораларына отырғызылады. Бройлерлерді өсіру 38 күнге дейін жүзеге асырылады. Әрбір корпустағы қоныстандырулар аралығында дезинфекциялау және дайындық жұмыстарын жүргізу үшін міндетті түрде 12 күндік санитарлық үзіліс сақталады», - деп атап өтті «Северный Бройлер» құс фабрикасы» ЖШС бас директоры, СҚО Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Сергей Домаев.
12 корпустың жүйелі ротациясының арқасында кәсіпорын Қазақстан нарығын тұрақты қуатпен жүктеуді және үздіксіз балғын өніммен қамтамасыз етуді қадағалай отырып, жылына 6,5-тен 7,5-ке дейін толық өндірістік тур өткізеді.
Өндірісті аралау барысында Гүлнар Бижанова кәсіпорында союдан кейінгі қайталама өнімдермен, атап айтқанда – тауық сирақтарымен қалай жұмыс істейтінін сұрады. Белгілі болғандай, өңірде және жалпы елімізде бұл субөнімді тұтыну мәдениетінің болмауына байланысты, құс фабрикасында ай сайын шамамен 80 тонна сирақ сұраныссыз қалып отыр.
«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары бұл шикізат түрінің орасан зор жүзеге асырылмаған әлеуетіне назар аударды.
«Бұл – сыртқы нарықтарда орасан зор сұранысқа ие таза колаген. Дәл сол Қытай бұл өнімді мыңдаған тонна тұтынады», - деп атап өтті Гүлнар Бижанова.
Қазіргі уақытта ҚХР-ға тауық сирақтарын экспорттауды ашу және жолға қою мәселесі мемлекетаралық келіссөздер сатысында тұр.
«Қазмясопродукт» ЖШС-нің сапа дәстүрлері мен экспорттық кедергілері
Ұлттық палата Басқарма Төрағасының орынбасары жұмыс сапарының екінші күні «Казмясопродукт» ЖШС-не барды. Кәсіпорын 2005 жылы Петропавл қаласында құрылған және шұжық өнімдерінің кең ассортиментін шығаруға маманданған. Бүгінгі таңда мұнда 106 адам жұмыспен қамтылып, шұжық өнімдерінің 129 түрі шығарылуда. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында «Казмясопродукт» 395 тонна өнім шығарды, оның ішінде 136 тонна ет және субөнім, сондай-ақ 259 тонна шұжық бар.
Дегенмен, сырттай тұрақты көрсеткіштердің артында импорт тарапынан болатын демпингтік бәсекелестіктен бастап, сыртқы нарықтарға шығу әрекеттері кезіндегі жүйелік кедергілерге дейінгі бірқатар өткір проблемалар жасырынған.
Қайта өңдеушілердің басты мәселесі ішкі нарықтағы тең емес бәсекелестік және Ресей Федерациясына экспортқа шыға алмау болып қала береді. Солтүстікқазақстандық экспорттаушылар шекарадан өтудің кешігуіне, артық тексерулерге және ресейлік бақылаушы органдардың тарапынан қосымша құжаттарды талап етуіне үнемі тап болады. Көбінесе бұл жүктердің Қазақстанға негізсіз қайтарылуына әкеп соқтырып, тікелей қаржылық және көліктік шығындарға ұшыратады.
«Біздің басты проблемамыз – өнімді өткізудегі қиындықтар. Өндіріс көлемі бойынша біз Қазақстан нарығын, әсіресе шекара маңындағы өңірлерді толық жайлап алған беларусь өнімімен бәсекелесе алмаймыз. Егер біз айына 100 тонна шығарсақ, беларусьтер күніне 100 тонна шығарады. Әрине, мұндай ауқыммен оларға демпинг жасау әлдеқайда оңай, үстіне олар қазақстандықтарға сатылған өнімнің әр килограмы үшін субсидия алады. Беларусь пен ресейлік тауар бізге өз үйіндегідей еркін кіреді, бірақ біз көршілес Ресей нарығына шыға алмаймыз. РФ-да бізбен жұмыс істеуге дайын компаниялар бар, бірақ олар жүктің шекарадан өтпейтінін мойындайды. Тайынша ет комбинатын шекарадан 17 рет кері қайтарып, тек 18-ші ретінде ғана әрең өткізді. Бұл әділетті ме?» - деп наразылық білдірді «Казмясопродукт» ЖШС директоры Серік Ілиясов.
«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова сендіргендей, бұл мәселе Палатаның бейінді департаментімен жұмысқа қабылданды және Сауда және интеграция министрлігі деңгейіне шығарылатын болады.
Инвестициялық субсидияларды алу мәселесі де әлі ашық күйінде қалып отыр. Экологиялық рұқсаттарды берудегі созбалаң салдарынан құс фабрикасы тиесілі мемлекеттік субсидияға қол жеткізе алмай, қиындыққа тап болды.
Істің мәні мынада: құрылыс-монтаждау жұмыстары мен қымбат тұратын технологиялық жабдықтарды сатып алуға бағытталған негізгі шығындарды кәсіпорын 2022 жылы өтеп қойған. Бірақ, нысанды пайдалануға беру мерзімі 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін созылып кетті. Оның үстіне бұл іркіліс инвестордың ырқынан тыс мән-жайларға байланысты орын алған. Нәтижесінде, тартылған шығыстардың бір бөлігі инвестициялық шығындар мерзімін сақтау тұрғысынан Субсидиялау ережелерінің қатаң шеңберіне формалды түрде сыймай отыр.
«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары бұл мәселені алдағы уақытта шешу үшін өз бақылауына алды.
Ал Қытаймен жағдай қалай?
Әңгіме барысында ол Қытай нарығына шығу мәселесін де көтерді. Серік Ілиясовтың айтуынша, ет комбинатының қазіргі қуаттылығы тәулігіне 10-15 тонна өнім шығаруға мүмкіндік береді, бірақ қазіргі жүктеме күніне небәрі 3 тоннаны құрайды. Ал ауқымды Қытай нарығына дербес шығу үшін бір кәсіпорынның көлемі жеткіліксіз.
Оған жауап ретінде Гүлнар Бижанова стратегиялық шешімді – қазақстандық ет өңдеушілердің күшін біріктіруді ұсынды.
«Мүмкін, барлық қазақстандық шұжық өндірушілермен бірігіп, Қытай нарығына мақсатты түрде экспорттау жұмысын бастау керек шығар? Сонда Ресей нарығына өтудің қажеттігі де қалмайды. Біз бұл мәселені тізілімге енгізуге және Қытай кәсіпкерлерімен байланыс орнатуға жәрдемдесуге дайынбыз. 2020 жылы Сиань қаласында жергілікті ұн өндіру кәсіпорнының базасында қазақстандық өнімнің үлкен павильоны аштық. Сауда нүктесі таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс істейді, ал қытайлық сатып алушылар біздің тауарларымызды – қамыр, кеспе, ұн, печенье, кәмпит, күнбағыс майын сөреден лезде талап әкетуде. Өз сапасының арқасында қазақстандық өнімдер қытайлықтар арасында үлкен танымалдыққа ие», - деп атап өтті Гүлнар Бижанова.
Кездесуде шикізатты терең өңдеу және мал сою қалдықтарын кәдеге жарату мәселелері де жеке талқыланды. Кәсіпорын шикізат базасын барынша тиімді пайдалануға тырысады. Ішек-қарын мен сирақтар көкөніс қосылған ет тағамына (холодец) жұмсалады, ал тұздалған мұздатылған кіші қарын өнімдері Қытайға сәтті жеткізіліп жатыр. Тіпті, кәсіпорын сүйектерді ет-сүйек ұнына өңдеу цехын ашуды да жоспарлаған болатын. Бұрын бұл ұн құстарды қоректендіру үшін жақсы пайдаланылғанымен, қазіргі уақытта құс фабрикалары тарапынан оған сұраныс жоқ болып шықты.
Ірі қара мал терілерін өңдеу жағдайы күрделірек – бұл шикізат та Қазақстанда сұраныссыз қалып отыр.
«Қытайлықтарға біздің терілер шикі күйінде қажет емес – олар тек өңделген күйінде ғана сатып алуға дайын. Жақында Ақтөбеде ашылған теріні өңдеу зауыты да біздің шикізатымызды қабылдамайды, алайда біз оны жинап, сол жаққа тасымалдауға дайын едік», - деп түсіндірді «Казмясопродукт» ЖШС директоры Серік Ілиясов.
Бұл жағдайға СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин түсінік беріп, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында теріні өңдейтін екі зауыт жұмыс істегенін, бірақ екеуі де сұраныстың болмауына байланысты жабылуға мәжбүр болғанын атап өтті.
Индустрияландыру флагманы – «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС
Сапардың келесі нысаны майлы трансформаторлар мен трансформаторлық қосалқы станциялар өндірісімен айналысатын өңірдегі бірден-бір кәсіпорын – «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС («Alageum Electric» компаниялар тобына кіреді) болды. Зауыт 2021 жылы іске қосылған, «Qyzyljar» АЭА қатысушысы болып табылады. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 10 миллиард теңге инвестиция құйылды, оның 7,6 миллиарды – өз қаражаты. Өндіріс көлемі 2022 жылғы 3,2 миллиард теңгеден 2024 жылы 10,1 миллиард теңгеге дейін өсті, ал трансформатор шығару 1318 данадан 4806 данаға дейін ұлғайды. Өнімнің 80%-ы ТМД елдеріне экспортталады. Бүгінде зауытта 110 адам еңбек етуде.
Кәсіпорын басшылығы сондай-ақ заңнамалық және ведомствоаралық шешімді талап ететін бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті, олардың қатарында РФ-дан кепілді қайтару, АЭА салықтық әкімшілендіру, ішкі нарықты қорғау, сондай-ақ лицензиялау мерзімін қысқарту бар.
Ұлттық палата Басқарма Төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова атап өткендей, кәсіпорындар көтерген барлық проблемалық мәселелер мен ұсыныстар «Атамекеннің» орталық аппаратымен зерттеліп, орталық мемлекеттік органдармен және шетелдік серіктестермен одан әрі пысықтау үшін қарастырылатын болады.