Инженерлік желілерді беру тәртібін реттеу: құрылыс салушылардың пікірі
Қостанай облысының құрылысшылар қауымдастығы тұрғын үйлер пайдалануға берілгеннен кейін инженерлік желілерді тапсырудың бірыңғай тәртібін бекітуді ұсынды. Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының құрылыс мәселелері жөніндегі салалық кеңесінің қатысушыларының айтуынша, нақты ережелердің болмауы құрылыс салушылар, коммуналдық кәсіпорындар және жергілікті атқарушы органдар арасында ұзақ жылдарға созылатын дауларға әкеліп отыр.
Қостанай облысы құрылысшылар қауымдастығының директоры Ирина Викулованың айтуынша, инженерлік желілер мен жаңғыртылған трансформаторлық қосалқы станциялар жабдықтарын коммуналдық меншікке беру мәселесі жүйелі сипатқа ие. Оның сөзінше, құрылыс салушылар тұрғын үйлерді салып біткеннен кейін инженерлік инфрақұрылым нысандарын тапсыру рәсімдерін аяқтау кезінде үнемі қиындықтарға тап болады.
Сонымен қатар заңнамада құрылыс салушылардың міндеттері айқындалған. Олар сыртқы инженерлік желілерді коммуналдық меншікке беруге, кондоминиум нысанын тіркеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ ПИК орнына құрылған мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) немесе жай серіктестік құрылып, жұмысын бастағаннан кейін меншік иелеріне техникалық және жобалық құжаттаманы тапсыруға міндетті.

Алайда іс жүзінде үйді басқару органдарының болмауы, тұрғындардың белсенділігінің төмендігі және инженерлік жүйелерді тапсыруға қойылатын бірыңғай талаптардың жоқтығы салдарынан бұл процесс жиі созылып кетеді, — деп атап өтті Ирина Викулова.
Отырысқа қатысушылар мысал ретінде Тәуелсіздік көшесі, 166 мекенжайындағы тұрғын үйге қатысты жағдайды келтірді. Электр желісі шаруашылығының жекелеген нысандарына, соның ішінде кернеуі 0,4 кВ кабель желілеріне одан әрі қызмет көрсету мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді.
Құрылыс салушы, «Ирина и К» ЖШС директоры Александр Корчинскийдің айтуынша, нысанға қатысты құжаттардың толық пакеті 2019 жылы-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тапсырылған. Оның сөзінше, желілер тексеріліп, қала құрылысы кадастрына енгізілгеннен кейін сот шешімі негізінде қызмет көрсетуші ұйымның балансына берілуге тиіс болған. Алайда бұл рәсім әлі күнге дейін аяқталмаған. Бір жылдан кейін құрылыс салушыдан тағы бір құжаттар топтамасы сұратылғанымен, мәселе сотқа дейін жетпеген.
Өз кезегінде коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері инженерлік инфрақұрылымды тапсырудың қолданыстағы тәртібі нысандарды пайдаланатын ұйымдар үшін де қиындықтар туғызатынын атап өтті. Мәселен, «Қостанай Су» МКК өкілі кәсіпорын желілерді құрылыс салушыдан тікелей қабылдай алмайтынын түсіндірді. Алдымен олар әкімдіктің сенімгерлік басқаруына, содан кейін коммуналдық ұйымның балансына берілуі керек.
Үйлерді тапсыру кезінде құрылыс салушылар үйді пайдалануға беру актісін және инженерлік коммуникацияларды пайдалануға беру актісін алуы тиіс. Алайда олар мұны орындамайды. Сондықтан желілерді иесіз мүлік ретінде сот арқылы рәсімдеуге тура келеді. Желілер бізге берілмейінше, оларға қызмет көрсете алмаймыз, — деп атап өтті кәсіпорын өкілі.
Бұдан бөлек, коммуналдық қызмет өкілдері техникалық құжаттаманың толық пакетін ұсыну қажеттігін айтты. Олардың сөзінше, желілердің нақты ұзындығы мен пайдаланылған материалдар туралы мәліметтер құжаттарда көрсетілген деректерге әрдайым сәйкес келе бермейді. Бұл нысандарды балансқа қабылдау рәсімін қиындатады.
«Форфайт» ЭПК директоры Дидар Аманжулов жеке құрылыс салушылар қажетті құжаттары болған жағдайда кабель желілерін энергиямен жабдықтаушы ұйымға тікелей бере алатынын хабарлады. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша салынған үйлердің кабель желілері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі арқылы тапсырылуы тиіс.
Келіспеушіліктерді болдырмау үшін компания құрылыс кезеңінде, жасырын жұмыстарды қабылдау кезінде комиссия құрамына өз мамандарын қосуды ұсынды.
Талқылау қорытындысы бойынша Қостанай облысының құрылысшылар қауымдастығы инженерлік желілерді тапсырудың бірыңғай әрі ашық тетігін әзірлеуді, коммуналдық кәсіпорындардың желілерді қабылдауына қойылатын талаптардың толық тізбесін айқындауды, сондай-ақ әкімдік, коммуналдық қызметтер, құрылыс салушылар және тұрғын үйлерді басқару органдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.