ЖИ мен автоматтандыру талаптарына сай кадрлар даярлау: Қостанайда салалық кеңестің отырысы өтті

06.10.2026
ЖИ мен автоматтандыру талаптарына сай кадрлар даярлау: Қостанайда салалық кеңестің отырысы өтті

М. Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі салалық кеңесінің көшпелі отырысы өтті.

Кездесудің басты тақырыбы — кадрлар даярлау жүйесін цифрландыру, автоматтандыру және жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу талаптарына бейімдеу. Талқылауға өңірлік бизнес өкілдері, білім беру саласының сарапшылары және Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

«KIA Qazaqstan» ЖШС өкілі Бақыттыжұлдыз Елибаева өңірдегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың талаптарын ортаға салды. Өндірісті автоматтандыру жағдайында еңбек нарығына техникалық дағдылары жоғары, жаңа цифрлық экожүйелерді жылдам меңгере алатын мамандар қажет.

ҚИнЭУ ақпараттық технологиялар және автоматтандыру кафедрасының меңгерушісі Динара Алдашева жасанды интеллектінің қалыптасқан жұмыс процестерін қалай өзгертіп жатқандығына назар аударды. Ол оқытушылар үшін де, жұмыс істеп жүрген мамандар үшін де үздіксіз білім алу және біліктілікті тұрақты түрде арттыру тұжырымдамасының маңыздылығын атап өтті.

Мансап және бизнес көшбасшылығы орталығының директоры Ай-Гүл Сералиевна жұмыс берушілерді оқу бағдарламаларын әзірлеу процесіне белсенді тарту тетіктерін ұсынды. Қатысушылар дуальды оқытуды дамыту, кәсіби сынақтар ұйымдастыру, сондай-ақ облыстағы зауыттар мен кәсіпорындарда тағылымдамалар мен өндірістік тәжірибелер өткізу мәселелерін талқылады.

Салалық кеңес мүшелері жоғары оқу орындары мен колледждердің оқу жоспарларын еңбек нарығының нақты сұраныстарына сәйкестендіру бойынша ұсынымдар әзірледі. Бизнес пен білім беру ұйымдары арасындағы тікелей диалог жоғары технологиялық жабдықтармен және заманауи жүйелермен бірден жұмыс істеуге дайын мамандар даярлауға мүмкіндік береді.