Ауғанстаннан келген делегация Қостанай облысына бизнес-миссиямен келді
Қостанайға жергілікті тауар өндірушілермен тікелей іскерлік байланыс орнату мақсатында Ауғанстаннан делегация келді. Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Егін орағынан кейін. Агромаусым — 2026» агрокездесуі аясында бизнес-миссия ұйымдастырылды.
Ауғанстанның бизнес-қоғамдастығының өкілі Azizi Wahidullah делдалсыз тікелей диалог орнатудың және өңіріміздің аграршыларымен байланыс жасаудың маңыздылығын атап өтті.
Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов атап өткендей, ауыл шаруашылығы — Қостанай облысы экономикасының негізгі тірегі әрі жетекші салаларының бірі.
Биыл өңірдегі егіс алқаптарының жалпы көлемі 5,3 млн гектарды құрады. Оның 1 млн гектардан астамына майлы дақылдар егілді. Дәнді-бұршақты дақылдардың егіс көлемі 230 мың гектарға дейін ұлғайып, картоп пен көкөніс алқаптары да кеңейтілді.
Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру өңірге экспортталатын өнім түрлерін көбейтуге, табысты жаңа нарықтарға шығуға және баға конъюнктурасының өзгеруіне тәуелділікті едәуір төмендетуге мүмкіндік береді, — деді Ибрагим Бекмұхамедов.
Қазіргі жағдайда бизнес үшін әлеуетті серіктестермен тікелей байланыс орнату, жаңа өткізу нарықтарын табу және ұзақ мерзімді сауда байланыстарын қалыптастыру маңызды.

Сондықтан Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы осындай кездесулерді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөледі. Біздің өңіріміз — сыртқы экономикалық ынтымақтастықты дамыту үшін әлеуеті зор, еліміздің жетекші аграрлық-индустриялық орталықтарының бірі, — деп атап өтті Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Амангелді Бекетаев.
Бұл сапар халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың заңды жалғасы болды. Тамыз айында «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы бастаған делегация Өзбекстанға, ал қыркүйек айында Ауғанстанға барды. Қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесінде Өзбекстан мен Ауғанстан кәсіпкерлері жауап сапармен Қостанайға шақырылды.
Айта кетерлігі, шетелдік қонақтардың арасында бұған дейін Қостанай нарығында жұмыс істемеген, өңірдің инвестициялық және сауда мүмкіндіктерін енді зерделеп жатқан компаниялар да бар. Өткен кездесу оларға Қостанай облысының әлеуетін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берсе, жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін таныстырып, жеткізу шарттарын талқылап, сенімді серіктестер табуға мүмкіндік алды.

Сыртқы экономикалық және іскерлік байланыстарды дамытуға жәрдемдесу — Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Палата жаңа бизнес-миссияларды қолдауды және отандық әрі шетелдік серіктестер арасындағы диалогты дамытуды жалғастырады.