Экология, экономика және әлеуметтік әсер: экологиялық ағарту неліктен баршаға тиімді

13.10.2026
Экология, экономика және әлеуметтік әсер: экологиялық ағарту неліктен баршаға тиімді

Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі салалық кеңесінің Елена Венгерскаяның төрағалығымен өткен кезекті отырысында Shaddi_eco экологиялық шеберханасының негізін қалаушы, «Рух» әлеуметтік даму орталығы» ҚҚ төрағасы Динара Шадрина экологиялық мәдениетті өңірдің тұрақты дамуының негізі ретінде қалыптастыру тұжырымдамасын таныстырды.

Динара Шадрина ұтымды тұтыну өнімнің сапасын, қызмет ету мерзімін, жөндеу құнын және қауіпсіздігін бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сатып алу кезіндегі төмен баға кейде алдамшы болуы мүмкін. Егер зат тез істен шықса, отбасылық бюджетке тұрақты шығын түседі.

 

Изображение

 

Ұзақ уақыт пайдалануға болатын заттардың құндылығын түсінетін тұтынушылар сапалы өнімдерге, сервистік қызметтерге, жөндеуге және заттарды қайта пайдалануға сұраныс қалыптастырады. Бұл жергілікті шағын және орта бизнес үшін жаңа бағыттар мен мүмкіндіктер ашады.

Экологиялық ағарту мен тиісті инфрақұрылым қатар дамуы керек. Тұрғындарға түсінікті ережелер қажет болса, қайта өңдеу кәсіпорындарына сапалы шикізаттың жеткілікті көлемі мен экономикалық тұрғыдан тиімді логистика қажет.

Қордың тәжірибелік бастамалары экологиялық жобалардың қоғамға нақты пайда әкелетінін көрсетті. Өңірде 400-ден астам іс-шара өткізіліп, оларға 3 600-ден астам адам қатысты.

2026 жылғы тамызда Smart Plastic Zone жобасының алтын деңгейге қол жеткізуі экоорталықтың пластикпен ластануды азайту бағытындағы жетекші алаң ретіндегі қызметінің мойындалуы болды.

Пластик қақпақтарды жинауға арналған «Qos Komek — Қос көмек» жобасы шикізатты қайта өңдеуге жіберуге, ал одан түскен қаражатты балаларға көмек көрсетуге бағыттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зат алмасу жәрмеңкелері (дармарка) мен Asar стартапына қолдау көрсету бастамалары да жүзеге асырылуда. Asar қоғамдық тамақтану орындарында сатылмай қалған, бірақ сапасы жақсы тағамдарды төмендетілген бағамен ұсыну арқылы тамақ қалдықтарының пайда болуын азайтуға ықпал етеді.

Экологиялық әдеттерді кеңседе де қалыптастыруға болады. Қағазды, суды және электр энергиясын ұтымды пайдалану, бір реттік ыдыстардан бас тарту және қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу компанияның ішкі шығындарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.

Бұл бағытта банктер мен бизнес үшін де жаңа мүмкіндіктер бар. Атап айтқанда, қаржылық сауаттылық бағдарламаларын экологиялық тәжірибелермен ұштастырып, оларды клиенттер арасында да, өз ұжымдарында да дамытуға болады.

Тұрғындардың, бизнестің, жоғары оқу орындарының, банктер мен мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру мақсатында Кәсіпкерлер палатасы «Саналы тұтыну аумағы» атты өңірлік алаң құруға бастамашы болады. «Рух» қоры мен Shaddi_eco экологиялық шеберханасы бағдарламалық серіктес болуға және білім беру бағытындағы негізді қалыптастыруға дайын.

Қостанай облысының кәсіпкерлерін, ұйымдарын және белсенді тұрғындарын өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуға шақырамыз!