Өзбекстанның бизнес-миссиясының қорытындысы: диалогтан серіктестікке дейін
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасы мен Қостанай облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қауымдастығының шақыруымен ұйымдастырылған Өзбекстан бизнес-миссиясының ресми сапары аяқталды. Бұл сапар екі елдің агроөнеркәсіптік кешендері арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Делегация облыстың жетекші кәсіпорындарын, соның ішінде «Шаруа» ЖШС-ін аралап, қойма логистикасының деңгейімен, агрохимиялық өнімдерді сақтау стандарттарымен және қалдықтарды қауіпсіз кәдеге жарату мүмкіндіктерімен танысты.
Сапар барысында бірлескен логистикалық тізбектердің жұмысы көрсетілді. Атап айтқанда, өзбекстандық «Ifoda Agro Kimyo Himoya» СП ЖШҚ өндірушісінен Қостанай фермерлеріне арналған тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізу және сақтау үдерістері таныстырылды.

Қостанай аграршылары өнімділікті арттыруға ықпал ететін жоғары тиімді өзбекстандық тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарына тікелей қол жеткізсе, өзбекстандық өндірушілер Қазақстан аумағынан сенімді логистикалық хабқа ие болды.
Біздің компанияның барлық қоймалары өсімдіктерді қорғау құралдары мен тыңайтқыштарды сақтауға қойылатын қатаң талаптарға толық сәйкес жабдықталған. Біз өнімнің тиісті жағдайда сақталуын қамтамасыз етеміз, ал аграршылар қажетті тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдарын өңірдің өзінен жедел ала алады. Енді біз сақтауға қабылдайтын өнімдердің қатарында Өзбекстанда өндірілген тыңайтқыштар да бар. Көптеген ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер оларға қызығушылық танытып отыр, өйткені бұл өнімдер ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға көмектеседі, — деді «Шаруа» ЖШС басшысы Лариса Стороженко.
Келіссөздер барысында тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, өзара өнім жеткізу және озық агротехнологиялармен алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін айқындады.
Өзбекстан бизнес-миссиясының сапары Қазақстан мен Өзбекстанның агробизнес саласындағы бірлескен жұмысы екі өңірдің де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикалық өсімін арттыруға зор мүмкіндіктер ашатынын көрсетті.