Қостанай облысында бизнес өкілдеріне білім беру ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптары мен лицензиялау тәртібі түсіндірілді

23.10.2026
Қостанай облысында бизнес өкілдеріне білім беру ұйымдарына қойылатын біліктілік талаптары мен лицензиялау тәртібі түсіндірілді

Әлеуметтік сала мәселелері жөніндегі салалық кеңестің отырысында кәсіпкерлерге білім беру ұйымдарына қойылатын негізгі біліктілік талаптары мен лицензиялау рәсімінен өту тәртібі түсіндірілді. Негізгі назар мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарын лицензиялау мәселесіне аударылды.

Қостанай облысының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Алёна Мальгаеваның айтуынша, лицензиялау рәсімі көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Осы жұмысты жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілеріне, соның ішінде «Білім туралы», «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңдарға және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрықтарына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Кездесу барысында мектепке дейінгі білім беру ұйымдары лицензия алу үшін сәйкес келуі тиіс негізгі талаптар егжей-тегжейлі қарастырылды:

- Жұмыс оқу жоспарларының болуы. Олар № 557 және № 499 бұйрықтарға сәйкес әзірленуі, сондай-ақ № 216 бұйрыққа сәйкес оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілуі қажет.

- Білікті кадрлармен қамтамасыз ету. Негізгі педагогтердің үлесі кемінде 75%, ал біліктілік санаты бар педагогтердің үлесі кемінде 20% болуы тиіс. Сонымен қатар педагогтер кемінде үш жылда бір рет біліктілігін арттыруы міндетті.

- Меншігіндегі немесе жалға алынған ғимараттың болуы. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды, өрт қауіпсіздігін тексеру нәтижелері туралы акт болуы және терроризмге қарсы қорғалу талаптары сақталуы қажет.

- Жабдықталған ас блогы мен медициналық пункттің болуы. Сондай-ақ медициналық қызметке арналған лицензия (үш топқа дейінгі мектепке дейінгі ұйымдарды қоспағанда), қажетті жиһаздар мен ойын материалдары болуы тиіс.

- Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау. Бұдан бөлек, Ұлттық білім беру деректер қорындағы (ҰБДҚ) мәліметтер өзектендіріліп, edu.kz домендік аймағында домендік атау болуы қажет.

Департамент өкілі құқық белгілейтін құжаттарды уақтылы дайындау, материалдық-техникалық базаны және кадр құрамын белгіленген талаптарға сәйкестендіру жеке кәсіпкерлерге лицензиялау рәсімінен сәтті өтуге және өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен білім алуына жоғары деңгейде жағдай жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Салалық кеңестің төрағасы әрі Өңірлік кеңестің өкілі Елена Венгерскаяның айтуынша, Кәсіпкерлер палатасының алаңында мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзекті мәселелер тұрақты түрде талқыланады.

Қазіргі уақытта басты назар мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау үдерісіне аударылып отыр. Бұл мәселе бизнес өкілдерінде көптеген сұрақ туындатып отыр.

Салалық кеңес мемлекеттік және жеке құрылымдардың басын біріктіріп, ашық диалог жүргізуге, ортақ шешімдер табуға және балабақшалардың қызметін қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкестендіруге мүмкіндік береді.