Зияткерлік меншікті қорғау және жаңа талаптар: Қостанай облысында бизнеске арналған авторлық құқық мәселелері талқыланды

27.10.2026
Зияткерлік меншікті қорғау және жаңа талаптар: Қостанай облысында бизнеске арналған авторлық құқық мәселелері талқыланды

Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасында шағын бизнесті, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қызмет көрсету саласы мәселелері жөніндегі салалық кеңестердің бірлескен отырысы өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы заңнама талаптарын сақтау, сондай-ақ кәсіпкерлерді Бірыңғай цифрлық платформаға (БЦП) қосу мәселелері болды.

Кәсіпкерлер қауымдастығы алдында Қостанай облысының Әділет департаменті Зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі бөлімінің басшысы Динара Хусаинова сөз сөйледі. Ол зияткерлік меншік мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасындағы өзгерістерді егжей-тегжейлі түсіндірді.

Кездесу барысында QAZCOPYRIGHT (qazcopyright.kz) Бірыңғай цифрлық платформасын енгізуге ерекше назар аударылды. Бұл цифрлық жүйе туындыларды пайдалануды есепке алу, авторлық сыйақыларды жинау және бөлу үдерістерінің толық ашықтығын қамтамасыз етуге арналған. Яғни сыйақыны жинау сәтінен бастап авторларға нақты төленгенге дейінгі барлық кезең қамтылады.

Заңнама талаптарына сәйкес, БЦП арқылы шарттар жасасу және есептілік ұсыну үдерісі кезең-кезеңімен енгізіледі:

  • 2026 жылғы 23 қаңтардан бастап — эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарына (телеарналар мен радиостанцияларға);

  • 2026 жылғы 1 шілдеден бастап — театрларға, кинотеатрларға және филармонияларға;

  • 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап — басқа пайдаланушыларға (кафелер, мейрамханалар, барлар, клубтар, сауда орталықтары, дүкендер, қонақүйлер және т.б.).

Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарының (ҚҰБҰ) авторлармен және пайдаланушылармен жасасқан барлық қолданыстағы шарттары цифрлық форматқа көшірілуі тиіс.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында мынадай ұйымдар аккредиттелген: «Қазақ әндерін орындаушылар» РҚБ, «Ән авторларының одағы» РҚБ және «Қазақстандық зияткерлік меншік агенттігі» ЗТБ.

Әділет департаментінің өкілі кәсіпкерлерге авторлық және сабақтас құқықтарды бұзғаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске салды. Заңнамаға сәйкес азаматтық, әкімшілік (оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 462-бабы бойынша) және қылмыстық (ҚР ҚК-нің 198-бабы) жауапкершілік қарастырылған. Ол ірі көлемдегі айыппұлдарды, түзеу жұмыстарын, қамауға алуды немесе үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді қамтуы мүмкін.

Кездесуге қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан кеңес алды.

Зияткерлік меншікті қорғау және Бірыңғай цифрлық платформаның жұмысы туралы қосымша ақпаратты кәсіпкерлер Қостанай облысының Әділет департаментінен ала алады: Қостанай қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 38, телефон: 8-7142-53-37-42. Сондай-ақ ведомствоның ресми ақпараттық ресурстарына жүгіне алады.