Атырауда кәсіпкерлер кәсіби мерекелерін атап өтті

29.10.2026
Атырауда кәсіпкерлер кәсіби мерекелерін атап өтті

Атырауда Қазақстанның кәсіпкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Өңірдің 100-ден астам кәсіпкері түрлі наградалармен марапатталды.

Іс-шараны Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы облыстық прокуратураның қолдауымен ұйымдастырды.

Жиынға бизнес, мемлекеттік органдар мен өңірдің іскерлік қоғамдастығының өкілдері қатысты. Кездесудің басты мақсаты — Атырау облысының экономикасын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосқан кәсіпкерлердің еңбегін бағалау.

Салтанатты бөлім басталмас бұрын ғимараттың фойесінде жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Махамбет, Жылыой аудандары мен Атырау қаласынан 12 кәсіпкерлік субъектісі қатысты. Қала әкімінің орынбасары Ердос Әбдісаттаров пен облыс прокурорының аға көмекшісі Жандар Болатбек ұсынылған өнімдердің сапасына жоғары баға берді.

Изображение

Бұдан кейін кәсіби жетістіктері, адал еңбегі, белсенді азаматтық ұстанымы және кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін кәсіпкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Жалпы, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының атынан 117 кәсіпкерге алғыс хаттар табысталды.

Іс-шарада Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Ермұханов қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтап, кәсіпкерліктің ел мен өңірді дамытудағы маңыздылығын атап өтті.

«Биыл Қазақстанның кәсіпкерлік қоғамдастығы бұл мерекені екінші рет атап өтуде. Бұл — бизнестің еліміздің дамуына қосып отырған үлесінің маңызды екенін мойындаудың көрінісі. Кәсіпкерлер жаңа жұмыс орындарын ашып, отандық өндірісті дамытады, бюджет кірісін қалыптастыруға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады», — деді Нұржан Ермұханов.

Изображение

Оның айтуынша, Атырау облысы Қазақстан экономикасында ерекше орын алады. Мұнай-газ өнеркәсібімен қатар, сауда, құрылыс, көлік, логистика, өндіріс және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес те өңірдің дамуына зор үлес қосып келеді.

«Біздің ортақ міндетіміз — өңірдің кәсіпкерлік әлеуетін нығайту, шикізаттық емес салаларды дамыту, жергілікті өндірушілерді қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасау. Әрбір көрсеткіштің артында нақты нәтиже, жаңа мүмкіндік және өз ісін күн сайын дамытып жүрген адамдардың еңбегі тұр», — деп атап өтті Палата директоры.

Салтанатты рәсім аясында «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы наградалары да табысталды. Өз ісіне адалдығы, кәсібилігі және кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін бизнес өкілдері «Іске адалдығы үшін» медалімен және Алғыс хаттармен марапатталды.

Изображение

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі бекіткен «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында «Адал кәсіпкер» номинациясының жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті. Бұл номинацияның иегері — «Electrical Service Skills» компаниясының құрылтайшысы әрі басшысы Аян Жәрдемов. Номинация заңдылық, ашықтық және бизнесті адал жүргізу қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған.

Изображение

Іс-шара барысында Палатаның Алғыс хаттарымен әйел кәсіпкерлер, ауыл кәсіпкерлігінің өкілдері, мемлекеттік органдар мен әріптес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ өңірдегі кәсіпкерлік ортаның дамуына қолдау көрсетіп жүрген аудандық консультанттар да марапатталды.

Іс-шара қорытындысында Нұржан Ермұханов кәсіпкерлерге белсенді қызметі, ынтымақтастығы және облыстың іскерлік әлеуетін нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Изображение

Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, Кәсіпкерлер күні бизнес өкілдерінің өңір экономикасын дамытудағы рөлін айқындауға, бастамашыл кәсіпкерлерді қолдауға және бизнес пен мемлекет арасындағы сындарлы өзара іс-қимылдың маңыздылығын көрсетуге мүмкіндік берді.