Өсуге арналған капитал: «Атамекен» әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың басым бағыттарын айқындады

29.10.2026
Өсуге арналған капитал: «Атамекен» әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың басым бағыттарын айқындады

Қаржыландыруға қолжетімділік, отандық инвесторларға қолдау көрсету және кәсіпкерлерге арналған практикалық сервистерді дамыту Women & Capital форумына қатысқан «Атамекен» ҰКП назарындағы негізгі мәселелер болды.

29 қазанда Алматыда капитал қалыптастыру, компаниялардың тұрақты дамуы және бизнесті кеңейту мүмкіндіктеріне арналған Women & Capital форумы өтті. «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин «Бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер: мемлекеттік бағдарламалардан қуатты қауымдастықтарға дейін» атты панельдік сессияда сөз сөйлеп, кәсіпкер әйелдердің сұрақтарына жауап берді.

Пікірталасқа Tan Media Group негізін қалаушы, Forbes Kazakhstan басылымының шығарушысы Арманжан Байтасов та қатысты. Ол форумды құттықтау сөзімен ашты.

Изображение

Іскерлік алаң ірі бизнес, инвестиция, медиа және отандық брендтерді дамыту салаларында жұмыс істейтін кәсіпкер әйелдердің басын қосты. Спикерлер қатарында Lancaster Group акционері, G&G Glamour негізін қалаушы Гаухар Қаппарова, First Media Group негізін қалаушы Данна Қарағұсова және ADILI брендінің тең құрылтайшысы Индира Әділ болды. Халықаралық инвестициялар саласындағы тәжірибелерімен UBS компаниясының жеке капиталды басқару бағытының жетекшісі Катерина Леманн және UBS компаниясының мультиактивті стратегиялар бойынша аға портфельдік басқарушысы Данара Деметропулос бөлісті.

Изображение

Талқылаудың негізгі тақырыптары мемлекеттік қолдау шараларының іс жүзіндегі қолжетімділігі, несие құны, бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылы және іскерлік қауымдастықтардың рөлі болды. «Атамекен» үшін бұл мәселелер қызмет көрсетуге бағдарланған модельді қалыптастырумен тікелей байланысты. Кәсіпкер өз мәселелерін шешуге және компаниясын дамытуға көмектесетін нақты құралдарға қол жеткізуі тиіс.

Бизнес мүддесін қорғаудан нақты қызметтер көрсетуге дейін

Аслан Қалиғазиннің айтуынша, Ұлттық палата бизнеске ұсынатын функциялары мен қызметтерінің аясын қайта қарап, кеңейтіп жатыр. Осы жұмыстың бір бағыты – шағын және орта кәсіпкерлікке арналған цифрлық шешімдер. Олардың қатарында қолөнершілерге арналған Sheber платформасы және сегіз сервисті біріктіретін Business Go платформасы бар.

Отандық инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінуде. Қалиғазин Палатаның бұл жаңа функциясын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген елдің инвестициялық дамуына қатысты міндеттермен байланыстырды. Ол отандық инвестицияларға жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің өндірісті кеңейтуге, жаңа қызмет бағыттарын ашуға және бизнесті әртараптандыруға салатын қаражаты да жататынын атап өтті.

Изображение

«Отандық инвесторлар — Қазақстанның барлық кәсіпкерлері. Кәсіпкер өз қаражатын кәсібін кеңейтуге және дамытуға жұмсаса, бұл да инвестиция болып саналады», – деді Аслан Қалиғазин.

Мұндай көзқарас шағын және орта бизнестің өсуін инвестициялық күн тәртібінің маңызды бөлігі ретінде қарастыруға, ал кәсіпкерлік жобаларды сүйемелдеуді Ұлттық палатаның нақты міндеттерінің бірі ретінде айқындауға мүмкіндік береді.

Капиталға қолжетімділік және бизнесті кеңейту шарттары

Пікірталастың негізгі мәселелерінің бірі қаржыландыру болды. Кәсіпкер әйелдер ірі көлемде несие алуда кездесетін қиындықтар туралы айтып, қолданыстағы қолдау құралдарының бизнес қажеттіліктеріне қаншалықты сай келетінін бағалау үшін Палата өкілдерімен тікелей кездесулерді жиі өткізуді ұсынды.

Изображение

Аслан Қалиғазин қарыз қаражатының қымбаттығы бүкіл кәсіпкерлік сектордың даму мүмкіндіктерін шектейтінін атап өтті. Сондықтан қолдау шараларын бағалау кезінде қаржыландырудың нақты қолжетімділігін және компаниялардың өсуге қажетті қаражатты қандай шарттармен тарта алатынын ескеру маңызды.

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мәселесіне тоқталған ол қолданыстағы қаржы құралдары аясында мүмкіндіктерді кеңейтуді, соның ішінде талаптарды жеңілдетіп, жеңілдікті шарттар ұсынуды қолдайтынын білдірді. Мұндай ұсыныстар бизнесті кеңейту міндеттерін және кәсіпкерлік қызметті отбасылық жауапкершілікпен қатар алып жүру ерекшеліктерін ескеруі тиіс.

«Бизнесті кеңейту үшін қаржыландыруға қолжетімділік болуы керек. Кәсіпкер әйелдер өз мәселелері мен жетістіктерін ашық айтып, тәжірибе алмаса алатын бизнес қауымдастықтарға қатысуы, іскерлік байланыстар орнатуы маңызды. Бизнес пен мемлекеттік қызметкерлер арасында диалог болуы тиіс. Ал «Атамекен» осы екі тараптың арасында көпір орнатуға көмектеседі», – деп атап өтті ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары.

Кәсіпкер әйелдердің мәселелері – жүйелі жұмыстың бір бөлігі

Палата әйелдер кәсіпкерлігімен өзара іс-қимылды бірнеше бағыт бойынша жүргізеді. Олардың қатарында Әйелдер кәсіпкерлігі комитеті, Іскер әйелдер одағы және ынтымақтастық туралы келісім жасалған Іскер әйелдер қауымдастығымен бірлескен жұмыс бар.

Изображение

Кәсіпкерлердің өтініштерімен жұмыс істеу құралдарының бірі – бизнестің проблемалық мәселелер тізілімі. Қалиғазиннің айтуынша, қазіргі уақытта тізілімдегі күн тәртібінде әртүрлі бағыттарға бөлінген 470-ке жуық мәселе бар және олар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жүйелі шешімдерді қажет ететін мәселелерді Палата мемлекеттік органдар мен даму институттарының қарауына шығарады.

Қатысушылар ана болу кезеңіндегі әйелдердің әлеуметтік қорғалуы мәселесін де көтерді. Бұл сұраққа жауап берген Қалиғазин әйелдердің де, бизнестің де мүдделерін ескеру қажеттігін атап өтіп, жәрдемақылар мен әлеуметтік кепілдіктерді сақтауды қолдайтынын білдірді.

Изображение

Өңірлік өнімнен жаңа нарықтарға дейін

Аслан Қалиғазин әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың нақты мүмкіндіктерін «Бір ауыл – бір өнім» жобасының мысалында да көрсетті. Жоба өңірлік өндірушілерге өз өнімдерін дамытуға, көрмелерге қатысуға, кеңес алуға және өткізу нарықтарын кеңейтуге көмектеседі.

Ол келтірген мәліметтерге сәйкес, шағын және орта бизнес секторындағы әйелдердің үлесі 43%-ды құрайды, ал «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылар арасында бұл көрсеткіш 70%-дан асады.

Изображение

Қолөнер бұйымдарын нарыққа шығарудың қосымша құралы ретінде Sheber платформасы дамытылуда. Ол шеберлерге сатып алушылар табуға және өз өнімдерін ел аумағында жеңілдікті тарифтермен жеткізуді ұйымдастыруға көмектесуге бағытталған.

Талқылауды қорытындылай келе, Аслан Қалиғазин әйелдер кәсіпкерлігін дамыту Палата жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Әйел адам кәсіппен айналысқанда, ол әрдайым жұмыс, бизнес, отбасы және ана болу міндеттерінің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысады. Бұл – үлкен еңбек, әрі ол құрметке лайық», – деді ол.