Қарағанды облысында Кәсіпкерлер күні салтанатты түрде атап өтілді

29.10.2026
Қарағанды облысында Кәсіпкерлер күні салтанатты түрде атап өтілді

29 қазанда Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлер күніне орай «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесінің өңірлік кезеңі және аймақтың үздік бизнес өкілдерін марапаттау рәсімі өтті. Іс-шараны Қарағанды облысының әкімдігі мен Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.

Қазақстанда Кәсіпкерлер күні екінші жыл қатарынан атап өтілуде. Мереке 2015 жылы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі қабылданған күнге орайластырылған. Бұл – бизнестің экономика мен қоғамды дамытуға қосқан үлесін мойындаудың белгісі.

Көрмеде өңірдің 80 кәсіпорны өз өнімдерін ұсынды. Олардың қатарында өнеркәсіптік жабдықтар, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника, халық тұтынатын тауарлар мен азық-түлік өндірушілері, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қатысушылары болды.

Іс-шараға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков, ҚР «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Жеңіс Тайшытаев, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпеисов, мемлекеттік органдар мен даму институттарының басшылары, бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Изображение

Қатысушыларды құттықтаған Ораз Тәуірбеков өңірде отандық өндірісті дамыту мен қазақстандық өнімнің сапасын арттыруға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.

«Биыл конкурс Кәсіпкерлер күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан өңірдің үздік өндірушілерін кәсіби мерекесінде марапаттап отырмыз. Мемлекет басшысы отандық өндірісті дамыту және қазақстандық тауарлардың сапасын арттыру міндетін жүйелі түрде қойып келеді. Бүгінгі көрме бизнес өкілдерінің бұл бағытта жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Біз тікелей диалогқа әрдайым ашықпыз және қолдау мен ынтымақтастықтың барлық мүмкіндігін қарастыруға дайынбыз», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Қарағанды облысы әкімінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» арнайы сыйлығы Саранда автобустар шығаратын «QazTehna» ЖШС-не табысталды. Ал Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында «Инновациялық және цифрлық шешімдерді енгізгені үшін» арнайы сыйлығымен өңірде «Қауіпсіз қала» жобасын жүзеге асырып жатқан «НПО «Перспектива» ЖШС марапатталды.

Изображение

ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының атынан қатысушыларды Жеңіс Тайшытаев құттықтады.

Оның айтуынша, кәсіпкерлік ел экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, отандық өнім өндірісінің артуына, бюджет кірісінің қалыптасуына және әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына елеулі үлес қосып келеді.

«Бүгін ұсынылған әрбір тауардың артында тұтас ұжымның еңбегі, тұтынушы алдындағы жауапкершілік және сапаның жоғары стандарттарына сай болуға деген ұмтылыс тұр», – деді ол.

Изображение

Сондай-ақ Ұлттық палата бизнесті дамудың барлық кезеңінде сүйемелдеуді жалғастыратынын айтып, кәсіпкерлікті қолдауға үлес қосып жүрген облыс әкімдігіне, мемлекеттік органдар мен даму институттарына алғыс білдірді.

Конкурс қорытындысы бойынша тоғыз жеңімпаз анықталды. Олар Қарағанды облысының намысын республикалық кезеңде қорғайды.

Изображение

«Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында «Азия – СМ», «Бёмер Арматура» және «Инкар-I» ЖШС жеңімпаз атанды. Марапаттарды Жеңіс Тайшытаев табыстады.

«Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациясында «Silk Road Electronics», «Қарағанды металл бұйымдары зауыты» және «Sunpaper» ЖШС үздік деп танылды. Дипломдарды Қарағанды облысы бойынша Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің басшысы Арман Бисембаев табыстады.

«Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында «SaumalBioTech», «Сарыарқа-ұн» ЖШС және «Сыр өнімдері» жеке кәсіпкерлігі жеңіске жетті. Марапаттарды «Қазақстанның сүт одағы» ЗТБ директорының орынбасары Сәуле Жанкина тапсырды.

Жеңімпаздардың қатарында Шет ауданының С. Сейфуллин ауылынан шыққан «Сыр өнімдері» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Жанар Қантарбаева да бар. Кәсіпорын 2022 жылы құрылған. Бүгінде тәулігіне бір тоннаға дейін сүт өңдеп, «Ауыл дәмі» сауда белгісімен сары май, сүзбе және ірімшіктің оннан астам түрін шығарады. 2025 жылы кәсіпкер «Бір ауыл – бір өнім» жобасының бренд-комитетінің финалисі атанып, облыс әкімінің грантын иеленген.

«Мен кәсібімді іс жүзінде нөлден бастадым. Бастапқыда жетістігіме бәрі бірдей сене қойған жоқ. Бірақ адалдық пен сапаға басымдық беру өз нәтижесін берді. Сүт өңдеу – ата-бабамыздан келе жатқан адал асымыз, өзімізге жақын кәсіп. Қолдау көрсеткен Кәсіпкерлер палатасына алғыс айтамын. “Бір ауыл – бір өнім” жобасының көмегінсіз бұл жеңіске жету қиын болар еді», – дейді Жанар Қантарбаева.

Изображение

Мереке аясында мемлекет, қоғам және тұтынушылар алдындағы жауапкершілігін жоғары деңгейде көрсеткен кәсіпорындар да марапатталды.

«Үздік салық төлеуші» номинациясында шағын бизнес санатында «KERABLOK» ЖШС, орта бизнес санатында «КазСолар 50» ЖШС, ал сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар арасында «QARMET» АҚ марапатталды. Бұл кәсіпорындар салық міндеттемелерін уақытылы әрі толық орындап, «Адал азамат» қағидатын ұстанып келеді. Марапаттарды Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Руслан Рақымберді табыстады.

«Әлеуметтік жауапты бизнес» номинациясында «Пржевальское» ЖШС марапатталды. Ал «Үздік сауда нысаны» атағы «OSTEN» ЖШС-не қарасты «Норма» супермаркетіне берілді.

Сонымен қатар бизнес-идеялар байқауының жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар табысталды. Қарағанды облысының Кәсіпкерлердің өңірлік кеңесі бұл байқауды екінші жыл қатарынан ұйымдастырып келеді. Биыл 96 өтінім түсіп, іріктеу кезеңінен 61 жоба өтті.

Өңірлік кеңестің төрағасы Владимир Алескеров төрт жеңімпазға 1 миллион теңгелік сертификаттар табыстады. Інжу Төлеген дәрумендермен байытылған құрт өндіруді, Әмірбек Бақдәулет пен Әлімбатыр Тұрсымбеков қарт адамдарға арналған NEMO робот-көмекшісін жасауды жоспарлап отыр. Лука Долидзе су бетіндегі мұнай қалдықтарын анықтау және жою жүйесін әзірлеген. Ал Альмира Қабденова тері өңдеу және аң терісінен бұйымдар тігу ісін қолға алмақ.

Іс-шара аясында кәсіпкерлерге арналған диалог алаңы да жұмыс істеді. ҚР «Атамекен» ҰКП Қазақстан бизнесіне арналған бірыңғай цифрлық BusinessGO платформасын таныстырды.

Изображение

Бұдан бөлек, Bank CenterCredit BCC Leasing, BCC Invest, BCC Life және Sinoasia B&R компанияларымен бірлесіп, «Банктен де көп: бизнеске арналған барлық шешім бір жерде» тақырыбында панельдік сессия өткізді. Ал «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Қарағанды облысы бойынша филиалы шағын және орта бизнесті қолдауға арналған қолданыстағы бағдарламаларды таныстырды.

Кәсіпкерлер күні – өңір экономикасының дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін бағалайтын маңызды мереке. Бұл күн отандық өндірісті қолдаудың, жаңа бастамаларды дамытудың және бизнес пен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.