Астанада «Адал кәсіпкер» байқауының жеңімпаздары марапатталды

29.10.2026
Астанада «Адал кәсіпкер» байқауының жеңімпаздары марапатталды

Астанада алғаш рет өткен «Адал кәсіпкер» өңірлік байқауының жеңімпаздары марапатталды. «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында ұйымдастырылған байқау адал кәсіпкерлікті қолдауға, заңдылық қағидаттарын сақтауға және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Байқау жеңімпаздарын анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссия мүшелері үміткерлердің құжаттарын қарап, оларды бекітілген критерийлер бойынша бағалады. Нәтижесінде бес номинация бойынша үздіктер анықталды.

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтарды табыстады.

«Үздік өндірістік бизнес» номинациясы бойынша «СтальЦинк» ЖШС басшысы Берік Медянов жеңімпаз атанды.

«Әлеуметтік жауапты бизнес» номинациясында «Technology and Innovation Hub» ЖК басшысы Елена Куликова марапатталды.

«Үлгілі салық төлеуші» номинациясы бойынша «AG TECH» ЖШС басшысы Александр Подвалов жеңімпаз атанды.

«Жауапты жұмыс беруші» номинациясында «Центральный дом бухгалтера №1» ЖШС басшысы Альмира Шарафутдинова үздік деп танылды.

Ал «Қауіпсіз бизнес» номинациясы бойынша «АРОМАТ» ЖШС басшысы Закир Биннатли марапатқа ие болды.

Байқау заң талаптарын сақтайтын, салық міндеттемелерін адал орындайтын, қызметкерлеріне жауапкершілікпен қарайтын және қауіпсіздік мәселелеріне мән беретін кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Мұндай бастамалар адал кәсіпкерлік мәдениетін нығайтып, елордада жауапты бизнес ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.