Жолдау — кәсіпкерлікке серпін беретін жүйелі қадам

28.10.2026
Жолдау — кәсіпкерлікке серпін беретін жүйелі қадам

Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын тыңдады. Жолдауда Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту, салық саясатын жетілдіру және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау мәселелері қамтылған.

Отандық кәсіпкерлер үшін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу туралы ұсыныстың маңызы ерекше. Бұл бастама әкімшілік жүктемені азайтуға және кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға бағытталған. Кәсіпкерлердің қызметіне негізсіз араласуды азайту бизнес өкілдеріне өз ісін дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Салық заңнамасын жетілдіру де маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Ұсынылып отырған өзгерістер салық нормаларын қолдану кезіндегі қайшылықтарды жоюға, бизнеске түсетін артық жүктемені азайтуға және салық саясатының болжамдылығын қамтамасыз етуге тиіс. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік сатып алуларға және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі бастамаға ерекше назар аудару қажет. Бұл жергілікті өндірісті дамытуға және қазақстандық қамту үлесін арттыруға қосымша мүмкіндіктер береді.

Ұлытау облысын қоса алғанда, барлық өңірлер үшін кәсіпкерлікті қолдаудың маңызы ерекше. Жолдауда айтылған бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асыру мемлекет пен бизнес арасындағы сенімді нығайтуға және кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететін маңызды қадам болмақ.

Изображение


Изображение