Мұнай-газ өнімдерін өткізумен айналысатын кәсіпкерлерге арналған жаңа талаптар
2026 жылы Қазақстанда өнеркәсіптік қауіпсіздік және газбен жабдықтау саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер күшіне енді. Жаңа талаптар апаттар мен өрттердің алдын алуға, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.
Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында мұнай-газ өнімдерін өткізумен айналысатын кәсіпкерлерге арналған түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шарада Ұлытау облысының Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері заңнамадағы өзгерістер мен қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Тұрмыстық газ баллондарын АГҚС-та толтыруға тыйым салынады. Оларды тек газ толтыру станцияларында (ГТС) және газ толтыру пункттерінде (ГТП) толтыруға рұқсат етіледі. Газ баллондарының пайдалану мерзімі өндіруші белгілеген талаптарға сәйкес болуы керек және 20 жылдан аспауға тиіс. Газ баллондарын есепке алу және таңбалау. Таңба шифрлары әр бес жыл сайын қайта тіркеледі. Сонымен қатар газ баллондарын цифрлық есепке алу талаптары енгізілген. Автомобильдік газ құю станцияларына қойылатын талаптар күшейтілді. Сұйытылған мұнай газын сақтайтын резервуарлары жер астында орналасқан стационарлық станцияларға қойылатын талаптар қарастырылған. Жерүсті және модульдік станцияларға қатысты шектеулер белгіленген. Қолданыстағы автомобильдік газ құю станциялары 2031 жылғы 1 қаңтарға дейін заңнама талаптарына сәйкестендірілуі тиіс. Әйтпесе, олардың қызметі тоқтатылуы мүмкін. Қауіпсіздік талаптарын сақтау — төтенше жағдайлардың алдын алудың және адам өмірін қорғаудың маңызды шарты.





