«Кәсіпкер әйел» бағдарламасы: кәсіби дамуға және жеке кәсіпке бастар жол

29.10.2026
«Кәсіпкер әйел» бағдарламасы: кәсіби дамуға және жеке кәсіпке бастар жол

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Визажист» курсын аяқтаған 25 түлекке салтанатты түрде сертификаттар табысталды.

Оқу курсы Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауы мен Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасының бастамасы арқасында жүзеге асты. Палата әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және жаңа бизнес-бастамаларды қолдауға бағытталған жобаларды жүйелі түрде іске асырып келеді. Курс түлектерін Ұлытау облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Эмиль Мисбахов пен Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова құттықтады. Оқу барысында 25 қатысушы кәсіби макияж жасаудың қыр-сырын меңгеріп, сұлулық индустриясында жұмыс істеуге қажетті білім мен дағдыларды игерді. Сонымен қатар осы салада жеке кәсібін ашу және дамыту мүмкіндіктерімен танысты.

Сертификат алу – түлектердің кәсіби дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруындағы маңызды қадам. Енді олар алған білімдерін тәжірибеде қолданып, сұлулық индустриясында еңбек ете алады. Сондай-ақ жеке сұлулық салондары мен визаж студияларын ашып, меңгерген дағдыларын табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік алады. «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы әйелдердің әлеуетін ашуға, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруіне және қаржылық дербестікке қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Мұндай бастамалар шағын бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңір тұрғындарына ұсынылатын қызмет түрлерінің көбеюіне ықпал етеді.

Алда түлектерді жаңа кәсіби жетістіктер, алғашқы клиенттер және жеке бизнес жобалар күтіп тұр. Олардың шеберлігі мен кәсібилігінің арқасында қазақстандық әйелдер өз сұлулығын айқындай түсіп, өздеріне деген сенімділігін арттыра алады. Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасы әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға және олардың бизнес-идеяларын жүзеге асыруына мүмкіндік жасауға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастырады.

ИзображениеИзображениеИзображениеИзображениеИзображениеИзображение