Ақтөбе облысында адал бизнес қағидаттарын ұстанатын кәсіпкерлер марапатталды

30.10.2026
Ақтөбе облысында адал бизнес қағидаттарын ұстанатын кәсіпкерлер марапатталды

Кәсіпкерлер күні Ақтөбеде "Адал кәсіпкер - Честный предприниматель" өңірлік акциясының қорытындысы шығарылды. Ақтөбе облысының жеті кәсіпкері адал еңбегі, өз ісіне жауапкершілікпен қарауы және бизнесті ашық жүргізу қағидаттарын ұстанғаны үшін марапатталды. Салтанатты марапаттау рәсімі облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев пен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркеновтің қатысуымен өткен салық форумының аясында ұйымдастырылды. Дипломдарды Өңірлік кеңестің төрағасы Асхат Айтжанов табыстады.

Бизнестегі адалдық тек салықтарды уақытылы төлеумен және міндеттемелерді орындаумен ғана өлшенбейді. Бұл - ұжым алдындағы жауапкершілік, қызметкерлердің қауіпсіздігіне қамқорлық жасау, қоғам өміріне араласу және баршаға ортақ ережелер бойынша жұмыс істеуге дайын болу. Дәл осы қағидаттар Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасы алғаш рет ұйымдастырған "Адал кәсіпкер - Честный предприниматель" өңірлік акциясының негізіне алынды.

Бастама "Заң және тәртіп" идеологемасын ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспары аясында жүзеге асырылуда. Оның басты мақсаты - қызметін ашық жүргізетін, заңнама талаптарын сақтайтын, жұмыс орындарын құратын және өңір экономикасының дамуына үлес қосатын кәсіпкерлерді қолдау.

Акцияға қатысуға өтінімдер 5 маусым мен 15 қыркүйек аралығында қабылданды. Осы уақыт ішінде Кәсіпкерлер палатасына Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарындағы бизнес өкілдерінен 130 өтінім түсті. Жеңімпаздарды анықтау үшін ведомствоаралық комиссия құрылды. Комиссия мүшелері ұсынылған құжаттарды қарап, үміткерлерді бекітілген критерийлер бойынша бағалады. Мұндай тәсіл іріктеу рәсімінің ашықтығы мен оның объективтілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша жауапты кәсіпкерліктің түрлі бағыттарын қамтитын жеті номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.

"Үлгілі салық төлеуші" номинациясында "SMARTEXDF" ЖШС-і жеңімпаз атанды. Кәсіпорынның басшысы - Талғат Бижанов.

"Жауапты жұмыс беруші" атағы жеке кәсіпкер Гүлсімхан Мамироваға берілді.

"Қауіпсіз кәсіпорын" номинациясында Аслан Аекеновтің атынан ұсынылған "ÓRT SÓNDIRUSHI KZ" ЖШС-і жеңімпаз атанды.

Әлеуметтік жауапты бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін Балкенже Аймұхамбетова басқаратын "Касиет-АБИ" ЖШС-і марапатталды.

"Ашық бизнес" номинациясында басшысы Жанар Кожабаева болып табылатын "Western Universal Consulting" ЖШС-і үздік деп танылды.

"Үздік шағын бизнес" номинациясы бойынша жеке кәсіпкер Исенбай Аманбаев жеңімпаз атанды.

"Үздік өндірістік кәсіпорын" номинациясында Александр Сенацкийдің атынан ұсынылған "Пчеловоды" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жеңіске жетті.

"Адал кәсіпкер" өңірлік акциясына тоқталған Тимур Жаркенов бизнестің табысы тек қаржылық нәтижелермен ғана емес, сонымен қатар клиенттердің сенімімен, қызметкерлер алдындағы жауапкершілікпен, міндеттемелерді адал орындаумен және қоғамға қосқан үлеспен өлшенетінін атап өтті.

Акция заң талаптарын сақтау мен қоғам алдындағы жауапкершілікті жай ғана формальды міндет емес, күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналдырған кәсіпкерлерді атап өтуге мүмкіндік берді.

Изображение