Астанада кәсіпкерлерге арналған Mini MBA бағдарламасын іске қосу жоспарлануда

30.10.2026
Астанада кәсіпкерлерге арналған Mini MBA бағдарламасын іске қосу жоспарлануда

Астанада кәсіпкерлерге арналған Mini MBA бағдарламасын іске қосу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл мәселе Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ENU Graduate School of Business бизнес мектебі арасындағы ынтымақтастық аясында талқыланды. Тараптар өзара серіктестік туралы меморандумға қол қойды.

Құжатқа Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин мен ЕҰУ проректоры Абзал Талтенов қол қойды. Кездесуге ENU Graduate School of Business директоры Армияш Нұрмағамбетова мен корпоративтік байланыстар жөніндегі менеджер Жанар Жүнісбекова да қатысты.

Жоспарланып отырған Mini MBA бағдарламасы кәсіпкерлердің басқару дағдыларын жетілдіруге, стратегиялық жоспарлау саласындағы білімін тереңдетуге және бизнес шешімдерін қабылдау тиімділігін арттыруға бағытталған.

Изображение

«Біздің университет үшін бұл құжатқа қол қоюдың символдық мәні зор. Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин - Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың көрнекті түлегі. Ол бизнес-мектебіміз құрылған кезден бастап оның жұмысына белсенді қолдау көрсетіп келеді. ENU GSB-дің алғашқы қабылдауындағы Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының (МАК) құрамында болып, алғашқы магистранттарымызды диплом тапсыру салтанатында өзі құттықтаған еді. Университет түлектерінің өз Alma Mater-іне деген адалдығы - ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі. Бүгінде олар басшылық қызметтерде жүріп, елордалық бизнестің өркендеуіне және жаңа буын басқарушылардың қалыптасуына үлес қосып келеді», - деді ЕҰУ Басқарма мүшесінің міндетін атқарушы, стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Абзал Талтенов.

Өз кезегінде Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин білім мен бизнестің байланысын нығайту адами капиталды дамыту үшін маңызды екенін атап өтті.

Изображение

«Жұмысымыздың басым бағыттарының бірі - адами капиталды дамыту. Себебі білікті мамандар, заманауи басқару дағдылары мен сапалы білімге қолжетімділік бизнестің бәсекеге қабілеттілігін айқындайды. Білім беру ұйымдары мен бизнес өкілдері тек тәжірибе алмасып қана қоймай, экономиканың нақты сұранысына сай шешімдерді бірлесіп әзірлеуі қажет», - деді Қанат Әлин.

Меморандум аясында кәсіпкерлер, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен шеберлік сабақтарын, дөңгелек үстелдер мен сараптамалық кездесулер өткізу көзделген. Сонымен қатар бизнес өкілдері өз тәжірибесімен бөлісіп, нақты кейстерді білім беру үдерісіне енгізуге атсалысады.

Тараптар кәсіпкерлікті дамыту, іскерлік ахуалды жақсарту және елордада бизнес жүргізу жағдайларын зерделеу бойынша да бірлесіп жұмыс істейді. Бұл ретте университеттің ғылыми әлеуеті мен Кәсіпкерлер палатасының практикалық тәжірибесі ұштастырылып, Астананың бизнес ортасындағы өзекті мәселелерге талдау жасалады.

Айта кетейік, ENU Graduate School of Business бизнес мектебі MBA, EMBA және DBA бағдарламаларын жүзеге асырады. Кәсіпкерлер палатасымен жасалған меморандум білім беру мен бизнес арасындағы байланысты нығайтып, елордалық компания басшыларының кәсіби біліктілігін арттыруға негіз болмақ.