Түркістанда Президент Жолдауындағы белгіленген міндеттерді іске асыру мәселелері талқыланды

29.10.2026
Түркістанда Президент Жолдауындағы белгіленген міндеттерді іске асыру мәселелері талқыланды

Түркістан облысында Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді өңірде жүзеге асыруға арналған облыс активінің жиыны өтті.

Жиында экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету, инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері қаралды. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау, жергілікті өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағыттарына басымдық берілді.

Изображение

Жиынға қатысқан Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруда кәсіпкерліктің маңызына тоқталып, бизнес пен мемлекет арасындағы өзара байланысты нығайтудың қажеттігін атап өтті.

– Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруда кәсіпкерлік саласының рөлі ерекше. Өңір экономикасын дамыту үшін қолайлы бизнес-орта қалыптастыру, инвестициялық жобаларды қолдау, отандық өндірісті кеңейту және кәсіпкерлердің бастамаларына жол ашу маңызды. Әсіресе, жергілікті шикізатты терең өңдеу, қосылған құны жоғары өнім өндіру және тұрақты жұмыс орындарын құру бағытындағы жобаларға басымдық беру қажет. Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің мүдделерін қорғау және олардың дамуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастырады, – деді Асылан Ибадуллаев.

Изображение

Бүгінде Түркістан облысында индустриялық аймақтар мен «TURAN» арнайы экономикалық аймағында өндірістік жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Өңірде 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Оларға 66 млрд теңге инвестиция тартылып, 60 кәсіпорын іске қосылған.

Сондай-ақ мақта-тоқыма кластерлерін дамыту, жергілікті өнім өндірісін ұлғайту, импортты алмастыру және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында ауқымды жобалар жоспарланған. Бұл бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Изображение

Жиын қорытындысында Жолдауда белгіленген міндеттерді сапалы орындау, мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдерінің өзара іс-қимылын күшейту және өңірдің тұрақты экономикалық дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігі атап өтілді.