Түркістан облысында заманауи көрме орталығы ашылды

29.10.2026
Түркістан облысында заманауи көрме орталығы ашылды

Кәсіпкерлер күні мерекесінде Түркістан облысында заманауи көрме орталығының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, аудан ақсақалдары мен еліміздің өзге өңірлерінен келген қонақтар қатысты.

Изображение

Жаңа нысан Түркістан қаласына іргелес Сауран ауданындағы өндірістік паркте орналасқан. Екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 4428 шаршы метр. Оның 2 592 шаршы метрі көрме залына, ал 1 836 шаршы метрі әкімшілік-тұрмыстық кешенге арналған.

Орталықта көрме залымен қатар, кеңсе бөлмелері, конференц-зал, лобби, кофехана, асхана және басқа да қажетті бөлмелер қарастырылған. Сонымен қатар ғимаратта ауданы 358,5 шаршы метр болатын үлкен LED-экран орнатылған.

Изображение

Мұнда халықаралық деңгейдегі көрмелер мен жәрмеңкелер, іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Жаңа ғимарат ашыла сала «Түркістанда жасалған» тауарлар көрмесі мен Кәсіпкерлер күніне арналған республикалық деңгейдегі форум өтті.

Изображение

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаевтың айтуынша, жаңа көрме орталығы өңір кәсіпкерлерінің өнімдерін кеңінен танытуға және іскерлік байланыстарды дамытуға тың мүмкіндік береді.

«Бұл көрме орталығы – өңір кәсіпкерлері үшін үлкен мүмкіндік. Мұнда жергілікті өндірушілер өз өнімдерін отандық және шетелдік серіктестерге таныстырып, жаңа нарықтарға шығуға, іскерлік байланыстар орнатуға жол ашады. Түркістанда өндірілген тауарлардың сапасы мен әлеуетін көрсету, жергілікті брендтерді қалыптастыру және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту үшін мұндай заманауи алаңның маңызы зор. Біздің мақсатымыз – өңір кәсіпкерлерінің өнімдерін тек облыс көлемінде емес, республикалық және халықаралық деңгейде таныту», – деді Асылан Ибадуллаев.

Изображение