ПМХЗ мен қазақстандық өндірушілер өндірісті оқшаулауды кеңейту мәселелерін талқылады

30.10.2026
ПМХЗ мен қазақстандық өндірушілер өндірісті оқшаулауды кеңейту мәселелерін талқылады

«Атамекен» ҚР ҰКП алаңында «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС (ПМХЗ) өкілдерінің қазақстандық тауар өндірушілермен жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өңдеу өнеркәсібі мәселелері жөніндегі салалық кеңестерінің өкілдері де қатысты. Қатысушылар жергілікті өндірісті дамыту, импортты алмастыру және кәсіпорынның сатып алуларындағы елішілік құндылық үлесін (ЕҚҮ) арттыру мүмкіндіктерін талқылады.

Бұл жұмыс «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 2026 жылғы 3 қыркүйектегі Қазақстанда тауар өндірісін оқшаулау мәселелері жөніндегі жұмыс тобын құру туралы №235 бұйрығы аясында жүргізілуде.

ПМХЗ мәліметінше, 2027 жылға арналған тауарларды сатып алу жоспарының көлемі 56,3 млрд теңгені құрайды. Ал 2026 жылдың сегіз айында сатып алынған тауарлардағы елішілік құндылық үлесі 51,78%-ға жеткен. Өндірісті оқшаулауды кеңейту бағытындағы жұмысқа 59 тауар өндірушіні тарту мүмкіндігі қарастырылуда.

Кездесу барысында зауыт өкілдері кәсіпорынның қажеттіліктері мен импортқа тәуелділік сақталған немесе қазақстандық өнімнің үлесін арттыруға мүмкіндігі бар тауар позицияларын таныстырды. Перспективалы бағыттардың қатарында мұнай-химия өнімдері, химиялық реагенттер, сорғы және электротехникалық жабдықтар, құбыр арматурасы мен қосалқы бөлшектер бар.

Талқылау барысында екі бағытқа ерекше назар аударылды. Біріншісі – қолданыстағы жеткізушілердің өнімдеріндегі елішілік құндылық үлесін арттыру, екіншісі – офтейк-келісімшарттарды қоса алғанда, импортты алмастыру. ПМХЗ-ның алдын ала бағалауынша, зауыттың қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа өндірістер ашу немесе қолданыстағыларын кеңейту жылына, шамамен, 5 млрд теңгеге қосымша жергілікті өндіріс көлемін қамтамасыз етуі мүмкін. Елішілік құндылық үлесі кемінде 50% болған жағдайда, оның ықтимал көлемі жыл сайын 2,5 млрд теңгені құрайды.

Кездесуде ПМХЗ-ның елішілік құндылықты мониторингтеу және дамыту бөлімінің басшысы Геннадий Даньев кәсіпкерлермен сұранысқа ие өнімдерді өндіруді игеру, тауар түрлерін кеңейту және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстандық өндірушілердің ұстанымын «Атамекен» ҚР ҰКП Өңдеу өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Ерлан Бақаев таныстырды.

«Мұндай кездесулер ірі тапсырыс берушілер мен отандық өндірушілер арасында тікелей диалог орнатуға, бизнесті кәсіпорындардың қажеттіліктерімен алдын ала таныстыруға және қазақстандық өндірісті дамытуға мүмкіндік беретін нақты бағыттарды айқындауға жол ашады», – деп атап өтті Ерлан Бақаев.

Палата ірі кәсіпорындардың сатып алуларындағы елішілік құндылық үлесін арттыру, импортты алмастыруды дамыту және отандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында тапсырыс берушілер мен тауар өндірушілер арасындағы өзара іс-қимылды дамыту бағытындағы жұмысын жалғастыра бермек.