Астанадан «Атамекен» ҰКП-ның XIV съезіне делегаттар сайланды

15.10.2026
Астанадан «Атамекен» ҰКП-ның XIV съезіне делегаттар сайланды

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің отырысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының XIV съезіне дайындық мәселелері қаралды.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі - елорда атынан съезге қатысатын делегаттарды анықтау болды. Нәтижесінде негізгі тізімге бизнестің 15 өкілі енгізіліп, тағы 6 кәсіпкер резервтік тізімге қосылды. Съезд 25 қарашада өтеді.

Отырыс барысында елордадағы кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өзекті мәселелер де талқыланды. Кәсіпкерлер өздерін толғандыратын мәселелер мен ұсыныстарды Палатаға жолдайды. Олар съезд қарсаңындағы кеңесте қаралып, кәсіпкерлік қауымдастықтың ортақ ұстанымын қалыптастыруға және жүйелі шешімді қажет ететін мәселелерді айқындауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Құрылтай депутаттарымен өзара іс-қимылды нығайту мәселесі талқыланды. Алдағы уақытта олардың қатысуымен Өңірлік кеңестің отырысын өткізу жоспарланып отыр. Кездесуде кәсіпкерлікті дамытуға қатысты өзекті мәселелер мен елордалық кәсіпкерлердің алдында тұрған нақты проблемалар қаралады.