Ақтөбеде Кәсіпкерлер күніне орай «Бизнес тынысы: қаржы және өсім» форумы өтті
29 қазанда Қазақстанда Кәсіпкерлер күні екінші рет атап өтіледі. Ақтөбеде мерекеге орай бизнес-қоғамдастық өкілдерін, кәсіби бухгалтерлер мен аудиторларды біріктірген «Бизнес тынысы: қаржы және өсім» форумы өтті. Іс-шара аясында өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан кәсіпкерлердің еңбегі бағаланып, салық салу, қаржылық қолдау және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды. Форумды облыс әкімдігі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және Қазақстандық бухгалтерлер мен аутсорсерлер қауымдастығы ұйымдастырды. Іс-шараға «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтап, олардың экономиканы дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосып отырған үлесін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде өңірде 86 мыңнан астам белсенді кәсіпкер бар, ал кәсіпкерлік саласында барлығы 176 мыңнан астам адам еңбек етеді.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау және артық кедергілерді жою қажеттігін атап өтті. Мемлекет бизнес үшін сенімді серіктес болуы тиіс», – деді Асылбек Есенбаев.
Ол өнеркәсіп саласының дамуына тоқталып, «KazFeltec», «Capital Plast KZ» және «Ort tehnika-Qazaqstan» компанияларын атап өтті. Биыл бизнес субъектілерін жеңілдікпен несиелендіруге 1,9 млрд теңге қарастырылып, 65-тен астам жоба қолдау тапқан.

Облыс әкімінің атынан алғыс хаттар «Нектар» өндірістік кооперативінің құрылтайшысы, меценат Шамиль Каспрановқа, «Дастан» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Асхат Айтжановқа және «Алгабас А» ЖШС құрылтайшысы Азамат Өтепбергеновке табысталды.
«Бизнес пен мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» естелік мүсіншелері кәсіпкерлік бөлімдерінің басшыларына берілді. Олардың қатарында Ақтөбе қаласынан Асқар Күкеев, Әйтеке би ауданынан Алтынгүл Доданова, Қобда ауданынан Күнзия Төлешева және Темір ауданынан Есенбол Жолдығарин бар.
«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мен бюрократиялық кедергілерді жоюдың маңыздылығына тоқталды.
«Кәсіпкерлік – күнделікті еңбек, батыл шешімдер мен жауапкершілік. Бизнес жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытады, жаңа технологияларды енгізеді және ел экономикасына нақты үлес қосады. «Атамекен» ҰКП үшін кәсіпкерлердің мүддесін білдіру, олардың құқықтарын қорғау және бизнестің дамуына жәрдемдесу – үлкен мәртебе. Жүйелі жұмысы, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауы және бизнес өкілдерімен тұрақты диалог орнатқаны үшін Ақтөбе облысының Кәсіпкерлер палатасына және Өңірлік кеңестің төрағасы Асхат Айтжановқа алғысымды білдіремін. Бүгінгі салық форумы – кәсіпкерліктің өзекті мәселелерін ашық талқылауға және оларды шешу жолдарын іздеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бұл, әсіресе, бюрократияны азайту және бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту міндеттері тұрғысынан өзекті. «Адал кәсіпкер» акциясының да маңызы ерекше. Өйткені бизнестегі шынайы жетістік тек қаржылық нәтижелермен ғана емес, жауапкершілікпен, адалдықпен және сеніммен өлшенеді», – деді Тимур Жаркенов.

Бизнес-қоғамдастықтың бірқатар өкілі «Атамекен» ҰКП атынан марапаттарға ие болды.
«ТоСТ+» ЖШС директоры Бақыт Сүлейменов Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Іске адалдығы үшін» медалімен марапатталды. 1989 жылы құрылған кәсіпорын бүгінде табысты жұмыс істеп, өңір экономикасының дамуына үлес қосып келеді.
«ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС директоры Надежда Шабаева «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Оның басшылығымен компания отандық өндірісті дамытып, түрлі саладағы кәсіпорындарды қауіпсіздік талаптары мен еңбек жағдайларына сай келетін сапалы арнайы киіммен қамтамасыз етіп келеді.
«Western Universal Consulting» ЖШС басшысы Жанар Қожабаева «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасының алғыс хатымен марапатталды. Ол өзінің кәсіби білімі мен тәжірибесін кәсіпкерлерді қолдауға, оларға қаржылық және салықтық мәселелерді шешуге көмектесуге бағыттап келеді.

Сондай-ақ осы күні «Адал кәсіпкер» өңірлік акциясының қорытындысы шығарылды. Жеті номинация бойынша жеңімпаздарға дипломдарды Өңірлік кеңестің төрағасы Асхат Айтжанов табыстады. Жас кәсіпкерлер де назардан тыс қалмады.

Форум сарапшылармен ашық диалогпен, демеушілердің сыйлықтарын ойнатумен және бас жүлдені табыстаумен аяқталды.
«Бизнес тынысы: қаржы және өсу» форумы кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар, қаржы институттары мен сарапшылар қауымдастығы арасында кәсіби пікір алмасуға арналған алаң болмақ. Іс-шараның мақсаты — тәжірибе алмасу, кәсіпкерліктің өзекті мәселелерін талқылау және Ақтөбе облысында бизнестің тұрақты дамуына ықпал ететін практикалық шешімдерді қарастыру.

Іс-шара аясында «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылады.



