Павлодар бизнесі «Атамекен» ұлттық палатасының жаңа «Business Go» платформасын меңгеруде
Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген және бүкіл ел бойынша енгізіп жатқан бизнесті цифрландырудың бірыңғай экожүйесін кезекті рет таныстырды.
Платформаның таныстырылымын Палата қызметкерлері «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның облыстық филиалы ұйымдастырған бизнес-таңғы ас аясында өткізді. Кездесуге өңір кәсіпкерлері мен қаржы институттарының өкілдері де қатысты.
«BusinessGO — бизнеске арналған бірыңғай цифрлық экожүйе. Оның құрамына онлайн-касса, фискалдық деректер операторы (ФДО), тауарлық есеп жүйесі, маркетинг және бір платформадағы қосымша сервистер кіреді. Осындай қосымшаны пайдалану арқылы кәсіпкерге енді әртүрлі жеткізушілерден бірнеше жүйені қосып, күрделі интеграцияларды баптаудың, жекелеген сервистер үшін артық ақы төлеудің, әртүрлі техникалық қолдау қызметтеріне жүгінудің және бірнеше жеке кабинетте жұмыс істеудің қажеті жоқ», — деп түсіндірді «Атамекен» Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам.