Логопедиядан кешенді көмекке дейін: Banana Mama орталығы қызмет бағыттарын кеңейтуде
Өскемен қаласындағы Banana Mama сөйлеу тілін түзету және дамыту орталығы өз қызметінің бағыттарын кеңейтті. Бұрын мұнда негізінен логопедиялық көмек көрсету мен сөйлеу тілін түзетуге басымдық берілсе, бүгінде орталық мамандары баланың жан-жақты дамуына кешенді түрде көңіл бөліп, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да көмек көрсетуде.
Қазіргі уақытта орталықта логопедтер, логопед-дефектологтар, қолданбалы мінез-құлық талдауы (ABA) бойынша маман, дефектолог, сондай-ақ бейімделген дене шынықтыру және сенсорлық интеграция нұсқаушысы жұмыс істейді. Мамандардың мұндай құрамы сөйлеу тіліндегі бұзылыстарды түзетумен ғана шектелмей, баланың мінез-құлқын, қарым-қатынас жасау қабілетін, моторикасын, қимыл-қозғалыс үйлесімділігін, сенсорлық дамуын және әлеуметтік дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қызмет бағыттарының кеңеюі кездейсоқ емес. Орталық басшысының айтуынша, тәжірибе көрсеткендей, отбасылардың сұранысы көбіне дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету немесе сөйлеу тілін дамытумен ғана шектелмейді.
«Біз жұмысымызды ең алдымен логопедиялық орталық ретінде бастадық. Алайда уақыт өте келе көптеген балаларға бір ғана маманның көмегі жеткіліксіз екенін түсіндік. Сөйлеу тіліндегі қиындықтардың артында сенсорлық даму, мінез-құлық, моторика және қарым-қатынас ерекшеліктері жатуы мүмкін. Ата-аналарға әртүрлі мамандарды өз бетінше іздеп, олардың ұсынымдарын біріктіруге тура келетін. Сондықтан біз баланың бір жерде кешенді көмек алуына мүмкіндік жасау үшін мамандар құрамын толықтырып, жұмыс бағыттарын кеңейтуді шештік. Біз үшін әсіресе жеке даму бағытын қажет ететін ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау маңызды», – дейді орталық директоры.
Жаңа тәсілдердің бірі – жұмысты баланың қажеттіліктерін кешенді түрде анықтаудан бастау. Атап айтқанда, орталық «Бастапқы нүкте» («Точка старта») жобасын іске қосты. Жоба аясында үш жастан жеті жасқа дейінгі балаларға екі бағыттың бірі бойынша – логопед-дефектологтың немесе бейімделген дене шынықтыру және сенсорлық интеграция нұсқаушысының диагностикалық тексеруінен өту ұсынылады. Оның нәтижесінде ата-аналар баланың қандай дағдыларын дамытуға назар аудару қажеттігі және алдағы уақытта қандай мамандардың көмегі қажет болуы мүмкін екені жөнінде ұсынымдар алады.
Banana Mama орталығының дамуындағы келесі қадам әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі мәртебесін алу болуы мүмкін. Орталық тиісті тізілімге енуді жоспарлап отыр. Бұл кәсіпорын үшін таңдалған бағыттың заңды жалғасы болмақ. Өйткені оның қызметі тек қызмет көрсетумен шектелмей, маңызды әлеуметтік міндетті шешуге – балаларға, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолжетімді түзету және дамыту көмегінің жүйесін қалыптастыруға бағытталып келеді.
Сонымен қатар орталықтың кеңеюі – шағын бизнестің отбасылардың нақты сұраныстарына жауап бере отырып, өз жұмыс үлгісін біртіндеп өзгерте алатынының айқын мысалы. Яғни тар бейінді қызметтен түрлі сала мамандарын біріктірген командаға және баланың дамуын кешенді сүйемелдеуге дейінгі маңызды қадам.