Бизнеске қолдау көрсеткен құқық қорғау органдарының өкілдері Павлодар облысының «Атамекен» палатасында марапатталды
Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам отандық бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қосқан елеулі үлесі үшін «Атамекен» ӨКП-ның алғыс хаттарын табыс етті.

Құқық қорғау органдарының өкілдері кәсіпкерлік қоғамдастыққа көрсеткен қолдауы үшін марапаттау мақсатында өңірлік Кәсіпкерлер палатасына арнайы шақырылды.

«Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Павлодар облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің департаментіне, сондай-ақ өңір бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тиімді ынтымақтастық пен отандық бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысын білдіреді», – деді Айдос Шайхислам олармен кездесуде.

Ол өңірлік Кәсіпкерлер палатасы мен аталған органдар арасында қалыптасқан серіктестік қарым-қатынастардың өзара сенімге, ортақ нәтижеге қол жеткізуге және кәсіпкерлік субъектілері үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталғанын ерекше атап өтті.

Алғыс хаттарды оның қолынан Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Павлодар облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті департаментінің (ҚСжАЕКД) азаматтық және әкімшілік салалардағы құқықтық ақпаратты қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры Ержан Ғалиасқар, ҚСжАЕКД бөлімінің прокуроры Әлішер Шыңғысұлы, сондай-ақ Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Айжан Хасенова алды. Тағы бір марапат Тереңкөл ауданының прокуроры Ермек Ахметовке жеткізілді.

Сол күні Экономикалық тергеп-тексеру департаменті де бизнестің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау ісіндегі белсенді ынтымақтастығы үшін Павлодар облысының «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасының Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Гүлнар Бассуованы алғыс хатпен марапаттады.
