Астанада сарапшылар Президент Жолдауы аясында Қазақстанды дамытудың негізгі міндеттерін талқылады

02.11.2026
Астанада сарапшылар Президент Жолдауы аясында Қазақстанды дамытудың негізгі міндеттерін талқылады

Астанада «Taldau AI Analytics» талдау орталығының алаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың, сарапшылық және ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты.

Қатысушылар ел дамуының басым бағыттарын, өзекті экономикалық және әлеуметтік сын-қатерлерді, сондай-ақ Қазақстанның өзгерістердің жаңа кезеңінде атқаруы тиіс міндеттерді талқылады.

«Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Жолдауда белгіленген басымдықтар азаматтардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және отандық бизнесті дамытуға бағытталған нақты шешімдерді талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, цифрландыру кәсіпкерлерге үдерістерді оңтайландырумен қатар, жаңа клиенттер табуға, нарықтарға шығуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға көмектесуі керек.

Изображение

«Бизнесті қолдаудың басты нәтижесі – өткізілген іс-шаралар мен іске қосылған бағдарламалардың саны емес. Нақты нәтиже – жаңа өткізу нарықтары, өндірістің ұлғаюы, кәсіпкерлер табысының өсуі және жұмыс орындарының ашылуы. Біздің стратегиялық міндетіміз – Қазақстанның кез келген өңіріндегі кәсіпкердің технологияларға, нарықтарға, тапсырыстарға және даму мүмкіндіктеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Осы бағытта «Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлерге арналған цифрлық құралдарды дамытып келеді. BusinessGO платформасы бизнесті жүргізу мен басқаруға арналған сервистерді біріктіреді, ал Business Connect сатып алушыларды, жеткізушілерді және іскерлік серіктестерді табуға көмектеседі. SHEBER жобасы отандық өндірісті дамытуға, қазақстандық шеберлердің өнімдерін ілгерілетуге және тұрақты өткізу арналарын қалыптастыруға бағытталған. Ал SaudaHub сауда инфрақұрылымын цифрландыруды және бизнес-процестердің ашықтығын арттыруды көздейді.

«Taldau AI Analytics» талдау орталығының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент Жолдауы Қазақстан дамуының жаңа тарихи кезеңіне арналған стратегиялық бағдарларды айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдардағы ауқымды саяси реформалар, жаңа Конституцияның қабылдануы және мемлекеттік басқару жүйесінің жаңаруы елдің одан әрі дамуына берік институционалдық негіз қалады. Ендігі басты міндет – бұл өзгерістерді әр азамат сезіне алатын нақты нәтижелермен толықтыру.

Изображение

«Мемлекет басшысының Жолдауы – маңызды стратегиялық құжат. Taldau сарапшылық қауымдастығының мүшелері мен азаматтық қоғам өкілдерінің мемлекеттік саясатты сарапшылық тұрғыдан пысықтауға және Мемлекет басшысының жаңғырту күн тәртібін іске асырудың барынша тиімді тәсілдерін әзірлеуге белсенді қатысуы маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Дөңгелек үстел барысында азаматтардың жұмыспен қамту және кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ халықтың табысын арттыруға бағытталған «халықтық цифрлық экономика» тұжырымдамасының маңыздылығы да атап өтілді. Қатысушылар цифрлық шешімдер нақты экономикалық нәтиже беріп, бизнестің көлемі мен орналасқан өңіріне қарамастан қолжетімді болуы керектігін айтты.

Изображение

Инфрақұрылымды дамыту және «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, жолдарды, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандарды салу және жаңарту жобаларын уақтылы орындаумен қатар, бюджет қаражатының жұмсалу ашықтығын, соның ішінде қоғамдық бақылау арқылы қамтамасыз ету маңызды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар стратегиялық өзгерістерді сарапшылық тұрғыдан сүйемелдеудің маңызын атап өтіп, одан әрі сындарлы ынтымақтастық пен кәсіби диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.